Бас жаңалықтар
Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды
06 Қазан 2021, 13:48 534

Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр.

Халықаралық байқауға 11 елден өтінім түскенімен, әлемдік пандемияға байланысты шетелдік қатысушылардың саны шектелді. Дегенмен байқауға 4 елдің өкілдері қатысатын болды. Шараға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс және жақын шетелден опера өнерінің жас вокалистері Нұр-Сұлтан қаласына жиналды.

Әділқазы мүшесі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Т.Д. Новиченко көрермендер опера өнерін сағынғандарын жеткізді.

Әлемдік пандемияға қарамастан ұйымдастырушылар байқауды ұйымдастырғанына барлық қатысушылар өте қуанышты. Өйткені көптеген іс-шаралар тоқтатылып, қатысушылар, жанкүйерлері, көрермендер офлайн шараларды, әдемі опера өнерін сағынды, - деп атап өтті ол.

Бибігүл Төлегенованың V Халықаралық вокалистер байқауының жүлдегері Рамиз Усманов биылғы байқауға әділқазы мүшесі ретінде қатысып отыр. Ол классикалық өнер майталмандарымен қатар әділқазы мүшесі етіп сайланғаны үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Бүгінде Рамиз Усманов Ә. Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың солисі, Өзбекстан халық әртісі.

Халықаралық байқаудың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Р. Райымқұлова байқауға қатысушыларды және ұйымдастырушыларды құттықтап, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді. Президент өзінің құттықтау хатында қатысушылар мен ұйымдастырушыларды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығында өткізіліп отырған байқаудың ашылу салтанатымен құттықтап, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегеноваға осындай жауапты миссиясы үшін алғыс айтты.

Есімі әлемге әйгілі Бибігүл Төлегенова классикалық вокалдың дамуына зор үлес қосып, еліміздің атын әлемге паш етті. Бибігүл Ахметқызының арқасында байқау жүйелі түрде өтіп, көптеген дарын иелерін танытты. Байқау лауреаттарының есімдері әлемге танылып, олар әлем сахналарында ән айтып жүр. Халықаралық байқау арқылы көптеген талантты жастар танымал болып, адамзаттың халықаралық мәдени қоры байыды,-делінген Президенттің құттықтау хатында.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А.Р. Оралов байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, қала әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын жеткізді. Қала әкімі құттықтау хаты арқылы Бибігүл Төлегеноваға болашақта еліміздің атын шығаратын жас вокалистерге адамгершілік тәрбие беретін байқауды ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Байқауға 19-32 жас аралығындағы вокалистер қатысады. Тыңдаулар ашық түрде өтеді. Ән айту тәртібі жеребе тастау арқылы анықталып, байқау соңына дейін сақталады. Соңғы турға жіберілетін қатысушылар саны 14-тен аспайды. 5-8 қазан аралығында іріктеу туры, 10 қазан күні соңғы тур өтеді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау гала-концерті қазанның 11-і күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

Байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру. Вокалистерің халықаралық байқауы жастардың назарын таза классикалық және халық музыкасына тартуды көздейді. Байқау дарынды жас орындаушыларды табуға көмектесіп, қазақ классикалық өнерінің беделін көтеруге және жастардың рухани дамуына септігін тигізеді. Қазақ музыкасының үздік үлгілерін орындау мәдениеттердің өзара араласуына, қазақ халқының жан дүниесінің шынайы сұлулығын ашуға және Қазақстан композиторларының туындыларын насихаттауға жол ашады.

Байқауға қатысушылардың өнеріне беделді және кәсіби әділ қазылар баға береді. ХІ халықаралық вокалистер байқауының қазылар алқасының төрағасы - КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Төлегенованың халықаралық байқауы көрермендер мен тыңдармандарды опера өнерінің озық әндерімен қуантатын жаңа дарын иелерінің есімдерін паш етуге бағытталған. Халықаралық байқау жас орындаушыларға өз қабілетін байқап көруге, халықаралық тәжірибе жинауға, өзін көрсетіп, елінің атын шығаруға мүмкіндік береді. 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...