Бейсен ағаның "мен басшымын" деп шіренгенін көрмедік – шәкірті

18 Мамыр 2020, 13:37
3867
Бөлісу:
Бейсен ағаның "мен басшымын" деп шіренгенін көрмедік – шәкірті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін  белгілі тележүргізуші, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек өмірден озды.  Шәкірті, әріптесі Ақжелең Рахатдин суыт хабарды естігенде есеңгіреп қалғанын айтты.

Біз рейтингтің не екенін білмедік. "Айтуға оңай", "Қарекетте" ешқашан рейтинг талқыламаппыз. Ол маңызды болған жоқ. Бір жағынан, Құдай ниетке де береді ғой, бізде ең жоғары рейтинг екеніне сенімді болдық па, еш алаңдамаппыз соған. Кейіпкердің тағдыры, не көмек керек, қалай көмектесе аламыз, сол маңызды еді. "Бір адамға көмектерің тимесе, онда ол хабарды жасамай-ақ қойыңдар!, деген Бейсен ағаның бір ауыз сөзі ұранымыз болды, - дейді ол.

Ақжелең Рахатдин  Бейсен Құранбектің көгілдір экранда қалай көрінсе, өмірде де сондай болғанын айтады.
Теледидардан қандай аппақ, адал боп көрінсе - ол экрандық образ емес, өмірде одан екі есе, төрт есе жақсы адам еді. Әр кейіпкер, қонақпен өз тілінде сөйлесетін үлкен шеберлігі - бөлек әңгіме. Баламен - бала боп, ата-әжелермен ерке баласы сияқты әңгімелесіп, ал зиялы қауыммен әдемі сұхбат жасай алатын профессионал болатын. Біреу туралы титімдей жаман ойламайтын әдетті осы Бейсен ағадан көрдім.  Кейде біреу туралы айтып тұрсам, "жап-жас болып сондай ойлар қайдан басыңа келеді?!" деп ұрысқандай болатын, - дейді.
Шәкірті тележүргізушінің "басшымын, танымал тележүргізушімін", деп кеуде кергенін көрмедік, дейді.
Бейсен ағаның "мен басшымын, мен жүргізушімін" деп шіренгенін біз ешқашан көрмедік. Әрқайсымыздың адам, білікті маман болып қалыптасуымызға көп көңіл бөлетін адам еді. Жиналыста бәріміздің ойымызды жеке-жеке айтқызып, тыңдап шығатын. Сондықтан да, ағамен еркін сөйлесетін ерке едік, - деп еске алды ол.

Өзгелердің жаңалығы