Бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз – ҚХА мүшесі

22 Сәуір 2019, 21:22
3513
Бөлісу:
Бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз – ҚХА мүшесі

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының басты тақырыбы – бейбітшілік пен ынтымақ боларына сенімдімін, дейді Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев.

Ол Тәуелсіздіктің нұрлы таңы атқанда Мемлекет басшылығына Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген тұлғаның келуі жылдар бойы қалыптасқан тұтастық пен татулықтың, бірлік пен берекенің тұғырын биіктете түскенін айтады.

«Қазақстан – көпұлтты, бейбіт өмір астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан, бақытты ел. Біздің халқымыз түнде тыныш ұйықтап, ертеңгі күнді алаңсыз қарсы алады. Одан асқан қандай бақыт болсын. Бұл әрине, Ұлт көшбасшысы Нұрсұтан Назарбаевтай біртуар тұлғаның еңбегі дер едім. Бүгінде адамдар теледидар қосуға қорқатын жағдайға жетті ғой. Ана елде алауыздық, мына елде соғыс, тағы бірінде жойқын жарылыс, жүрекке қорқыныш ұялатып, үрейлендіретін жағдайлар көп. Осыған қарап отырып тұрақтылық пен бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мен Ассамблея сессияларына қатыса отырып, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқы алдында иіліп тағзым етіп, алғыс айтқанының талай куәсі болдым. Қазақ елі ешкімді де көкіректен итермей, жарты құртты бөліп жеп, жүрек жылуын берді. Достық пен татулықты қадірлейтін бауырмал қазақ халқы осы елге ат басын тірегендердің қай-қайсына да құшағын айқара ашқанын ешкім де, ешқашан да жоққа шығара алмайды» - дейді Герихан Яндиев.

Оның пайымынша, алдағы Ассамблея сессиясында қозғалар басты тақырып –әрине, бейбітшілік пен ынтымақ болмақ.

«Біздің қоғам шешен-ингуш халқының мәдениеті мен төлтума өнерін сақтап, жан-жақты білімді жандардың сор талпынысын, халықтың дархандығы мен кең пейілін паш ету мақсатында құрылған. Бүгін қай жағынан алып қарасақ та осы мақсаттың түбегейлі жүзеге асырылып жатқандығына куә болып отырмыз. Біз еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулықты ту етіп, қашанда балаларымыздың бақытты ғұмыр кешуін тілеп отырамыз. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы бізге осы мүмкіндікті беріп келеді. Мен өз отбасыммен осындай саяси тұрақты, дамудың даңғыл жолына түскен, жарқын болашаққа қадам басқан елде өмір сүріп жатқанымды бақыт санаймын. Ұрпағым осы жерде өніп, жапырақ жайып, жайқалып келеді. Қазақ елінің гүлденуіне өз үлесін қосып жатыр. Алдағы уақытта да еліміздің қарыштап дамитынына сенімдімін. Жүзден астам ұлт пен ұлыс қасиетті қазақ жерін мекендеп отырған елімізде бейбітшілік пен ынтымақ алдағы сессия жұмысының басты тақырыбы болары сөзсіз. Биылғы Жастар жылында жас буынды Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Осынау ауқымды шарадан қанаттанып, ары қарай да шабыттана жұмыс істеуге бел байлап ораламыз деп ойлаймын», - дейді Герихан Яндиев.

Өзгелердің жаңалығы