Белдесуден ІІ "Халық барысы" республикалық турнирі өтеді

17 Мамыр 2019, 13:50
3417
Бөлісу:
Белдесуден ІІ "Халық барысы" республикалық турнирі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында 25-26 мамырда қазақ күресінің бір тармағы - белдесуден республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Кенжебулатов баспасөз конференциясында хабарлады.

Осы жылы 20 миллион жүлде қоры үшін күресуге Қазақстанның барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатысады деп күтілуде.

Екінші рет өткелі отырған турнир "Рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылады.   

"Биылғы турнирдің басты ерекшелігі: көрермендер арасында автокөлік ойнатылады. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға арнайы сыйақы тағайындалып отыр. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстан Республикасының кезкелген азаматы қатыса алады", - деп атап кетті федерацияның бас хатшысы Б.Сәбитов.

Сондай-ақ, қатысушыларға қойылатын талаптармен таныстырды. Спикер айтып өткендей, жарыс барысы Қазақ күресі федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Балуандар күресі негізгі үш нәтижемен бағаланады: "жеңді", "жеңілді", "тең түсті". Қатысушылар спорттық жарыс алдында медициналық тексеруден өтуі, тіркеу уақытынан кешікпеуі, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға, ережелерге бағынуы тиіс.      

Турнирдің ресми ақпараттық ресурсы www.qazaqstanbarysy.kz сайты, қосымша ақпараттар "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының әлеуметтік желілердегі ресми өкілдіктерінен таратылады.

Өзгелердің жаңалығы