Бас жаңалықтар
Әбдіқалықова Ақмола облысының көп балалы отбасыларымен кездесті
29 Наурыз 2019, 19:01 727

Әбдіқалықова Ақмола облысының көп балалы отбасыларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен Ақмола облысына жұмыс сапарын жалғастыру аясында Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ азаматтарды жеке қабылдап, халықпен кездесу өткізіп, көп балалы отбасыларға барды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Щучинск қаласының Жоғары педагогикалық колледжінің жастарымен кездесу өткізілді. Вице-премьер Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы аясында 5 негізгі бағыт бойынша 80-нен астам іс-шара іске асырылып жатқанына баса назар аударды.

Шаралар жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамту, білім беруді дамыту, волонтерлік, ғылыми гранттар беру, әлеуметтік белсенділікті кеңейту, жас отбасыларды қолдау, денсаулық және әлеуметтік инклюзивтілік мәселелерін қамтиды.

Бүгінде колледжде «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Дене шынықтыру және спорт», «Кәсіптік оқыту», «Музыкалық білім беру», «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша 1 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Еңбекпен қамтылу үлесі 97% құрайды. Студенттер мемлекеттік жастар саясатына қолдау білдіре отырып, өздерінің креативті ұсыныстары мен идеяларын жеткізді.

Сонымен қатар, Бурабай ауданының Кенесары ауылының, Біржан сал ауданының Макинка ауылының және Бұланды ауданының Алтынды ауылының халқымен кездесулер өткізілді.

«Әрбір бағыт өлшенетін көрсеткіштерімен, тетіктерімен және соларға арнайы бөлінген қаражаттармен нақты әрі айқын шаралардан тұрады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ олардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндіктер мен жағдайлар жасауға жол ашады. Азаматтардың әл-ауқаты соларға байланысты. Қолынан келетіннің бәрі еңбек етуге міндетті. Ал дене мүмкіндіктеріне немесе өзге де себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ азаматтарға мемлекет әлеуметтік қолдау көрсетуде», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Премьер-министрдің орынбасары көп балалы және аз қамтылған отбасыларға да барды. Тілек Төлегеннің отбасында мектеп жасындағы 4 бала бар. «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2 млн 200 мың теңге көлемінде шағын несие алған отағасы 10 ірі қара мал сатып алған. Ауыл бизнесмені өз отбасын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашып отыр. Г. Әбдіқалықова облыс басшылығына осындай оң тәжірибелерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. 

Жұмыс тобының мүшелері Ақмола облысының басқа аудандары мен ауылдарында да болды.

Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова бірқатар білім беру нысандарын аралады. Олардың арасында «Айша» және «Балдырған» балабақшалары, АT-лицей, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласындағы Жоғарғы техникалық колледж, Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылы Жоғарғы агротехникалық колледжі, Зеренді ауылындағы М. Ғабдуллин атындағы мектеп-интернат, Ақкөл балалар үйі бар.

2018 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа аттестаттау жүйесіне сәйкес санаттарын растаған және жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдерінің жалақысы 30-50%-ға көтерілгені белгілі. Маусым айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері мен тәрбиешілердің көмекшілері т. б. үшін сараланған жалақы 30%-ға дейін артады. Сонымен қоса, облыста үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу үшін 7 нысанның және оқушылардың орын тапшылығын жою үшін бір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл 280 орындық 1 балабақшаны пайдалануға енгізу, 1075 орындық 10 мектепке дейінгі ұйымды ашу және жұмыс істеп тұрған 120 орынды кеңейту жоспарланған. 

Республикалық бюджет қаражаты есебінен 8,2 млрд теңге сомасына 7 нысан салынып жатыр. Оның ішінде 2 нысанды 2019 жылы пайдалануға беру көзделген.

Сонымен қатар, жұмыс тобының әрбір мүшесі азаматтарға жеке қабылдаулар өткізіп, облыстағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарымен кездесті.

Загрузка...

Сізден жаңалық