«Баяндамаларыңыз керемет». Сағынтаев өңір басшыларын сынға алды

12 Ақпан 2019, 11:15
2573
Бөлісу:
«Баяндамаларыңыз керемет». Сағынтаев өңір басшыларын сынға алды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңірлердегі басшылардың жұмысын сынға алды.


Бүгінгі үкімет отырысында су тасқыны  мен өрт мәселесі талқыға салынды.

Облыс әкімдері мен Үкімет басшысына атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бірақ ол Бақытжан Сағынтаевтың көңілінен шықпады.

«Әріптестер, жиналысқа дайындалған кезде нақты мәселелерді ғана баяндау керек. Жалпы былтыр атқарылған барлық жұмысты айтып өтпей, өткен жылы атқарылған нақты жұмысты айту шарт. Қазіргі уақытта қандай мәселелерді атқару керек? Барлығын айтамыз! Қазақтың «Баяғы жартас сол жартас» деген сөзі бар. Су тасқыны келеді, су астында (елді мекендер – автор) қалады. Қыс келеді, үй өртеніп жатады. Ал біздің баяндамамыздың бәрі керемет», - деді ол.

Сонымен қатар премьер-министрі өңір басшыларына ескерту жасады.

«Министрліктер қандай кемшіліктер бар екенін айтып өтті ғой. Сол жағынан жауап беру керек. Неліктен қаржыландыру мәселесі шешілмей жатыр? Неге қаржы берілмеді, неге жоба іске қосылмады? Неге өрттерге жол берілді? Қандай тексерістер жүргізілді, қандай іс-шаралар қабылданды? Ол туралы сөз жоқ. Айтатындарыңыздың бәрі керемет, бәрі жақсы, барлығы қатаң бақылауда. Қандай бақылауда екенін көріп отырмыз», - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы