Бас жаңалықтар
Әумин де! Батадан әлем чемпионынан 5 бата
12 Қыркүйек 2019, 15:10 2499

Әумин де! Батадан әлем чемпионынан 5 бата

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Мырзабек ақсақал Смағұловты ауданда танымайтын адам кемде-кем. Ол – аудандық, облыстық дәрежеде өтетін бата беру конкурстарының жеңімпазы. Оның баталары бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекше. Биыл 80 жасқа толатын ата бір сарында айтылатын жаттанды батаны жаны сүймейді, сол себепті бата берген кезде суырыпсалма ақындық қасиетін пайдаланады.

 


Қазіргі қариялардың батасы – жаттанды, бірсарынды

Мырзабек Смағұлов: Қазіргі қариялардың бата беруіне көңілім толмайды.

«Әуелі Құдай оңдасын,

Еш жамандық болмасын,

Қыдыр атам қолдасын!» деген сияқты шайнаған тамақтай бірсарынды бата береді. Бұл да – бата, бірақ жаттанды сөздер. Мен бата берген кезде өмірден көрген-білгенімді көз алдымнан өткізіп, тағдырдың ащы-тұщысын қосып, ойымды жүйелеп алам. Мысалы, көз алдыңызға биік тауды елестетіңіз. Ол таудың етегі жайқалған гүлге толы болса, орта тұсында қалың орман, ал ең биік шыңында аппақ қар жатқан шығар? Бата да дәл осылай басы бар, аяғы бар, аяқталған ойы бар жұмыр дүние болу керек. Кейбір қарияның батасын тыңдағанда таудың басында не аяғында жүргеніңді түсінбей қаласың.

BAQ.KZ: Сізді ауылдастарыңыз бата беретін ақсақал ретінде таниды. Ауылда өзіңіз сияқты қариялар аз емес, бірақ сіздің бата беруіңіз ерекше екенін айтады. Бата сөздерін арнайы жаттап, түрлендіріп айту туралы ой қайдан келді?

Мырзабек Смағұлов: Мен өлім-жітімді көп көрген адаммын. Әйелім өмірден озғаннан кейін ұлым мен келінімнің қолына келдім. Одан кейін ұлымның қан қысымы көтеріліп, ол да өмірден озды. Сол кезде менің жаным күйзеліп, төсектен тұрмай жата беретін күйге түстім. Күндердің бір күнінде «Бұл да Алланың сынағы, бұлай қайғыға батып жата беруге болмас» дедім де, орнымнан тұрып, мешітке барып, тағдырға мойынсұнып, алғаш рет сәждеге жығылдым. Содан бері Құран оқуды, бата беруді үйрендім. Бата бергенде алдын ала жаттап алмаймын, жүрегім айтқысы келген сөздер өздігінен «төгіле» береді.

Бабам желді сөздің күшімен кері бұрған

BAQ.KZ: Ата-бабаларыңыздың арасында сөзге шебер адамдар болған шығар?

Мырзабек Смағұлов: Әкем – Мағауия сөздің шебері болған. Ол сол кездегі Исай колхозының басшысы еді. Оның Сәбит есімді замандасы, құрдасы болған. Соғыс аяқталғаннан кейін ауылдастары жиналып, Бұқтырма суқоймасынан қайықпен өтіп, шөп шабуға барады екен. Бірде шөп шауып, ауылдастар қайыққа отырып, бергі жағаға өтпек болады. Қайықтың бір жағында әкем отырса, екінші жағында замандасы – Сәбит отырыпты. Қайық Бұқтырманың ортасына келген кезде түбі тесіліп, ішіне су тола бастайды. Екі шақырымдық жерде екі арал бар екен. Қайықтағылар қолдарындағы күректі де ескек ретінде қолданып, аралға жету үшін жанталасады. Арал маңына таяған кезде қайықтағылар суға секіріп, аралға қарай жүзе жөнеледі. Сонда менің әкем:

«Сәбит те бар ішінде,

Бүрген балық пішінде.

Құр қайықты еседі,

Мағына жоқ күшінде», - десе, замандасы Сәбит:

«Айналайын, бастығым,

Басымдағы жастығым.

Талан-таражға түседі-ау,

Қоймадағы астығың!» - деп жауап берген екен. Екеуі үнемі бірін-бірі қағытып қалжыңдасып отырған.

Аршаты ауылының арғы жағында Шақабай қыстауы болған. Ол – 1608 жылы туған арғы атам Шақабайдың қыстауы. Ол алып денелі, дұғасы мықты адам болған екен. Бес ұлының біреуі 570 келілік тас көтерген қара күш иесі болса, енді бір ұлы 100 күй тарта білген өнерлі адам болыпты, ал қалған үш ұлы сауда-саттықпен айналысқан екен. Олар қазір Семей жақтағы Ақбұлақ деген тауда жерленген. Сол Шақабай бабамның дұғасы күшті болғаны сондай, соғыс кезінде жауды қарумен емес, сөздің күшімен: дұға оқып, желді жауға қарсы соқтырып жайратқан деген аңыз бар.

Аффирмация деген – бата!

BAQ.KZ: Әдетте батаны той-томалақ кезінде беретін шығарсыз?

Мырзабек Смағұлов: Бата беретін себептер көп. Жұма намазына барған кезде қасыма жастарды жинап алып уағыз айтам және қайтар кезде бата берем. Өлім-жітім болған жерде Құран оқып қана қоймай, бата беруге де тырысам, өйткені жас ұрпақ осының бәрін естіп, біліп өсуі керек. Қазіргі «аффирмация» деп жүргендерің осы бата емес пе? Аффирмация деген «Мен баймын», «Мен бақыттымын», «Менің денсаулығым мықты» деп күнделікті қайталап айтып жүретін жақсы көздер болса, ата-бабаларымыз ырыстың жартысы жақсы сөз екенін «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Бата да – жақсы сөз, ақ тілек.

Тәртіп бұзбас үшін біреу күзетіп тұруы міндетті ме?

BAQ.KZ: Көпті көрген адам ретінде қазіргі қоғамда неге көңіліңіз толады немесе толмайды?

Мырзабек Смағұлов: Менің көңілім бәріне толады, тек көшеде бос сандалып жүретін кейбір жас үшін кішкене қынжылам. Мысалы, біздің ауылда ардагерлер аллеясы бар, сол жердегі жарық шамдарын сындырып кетті. Кімдер сындырып кетті? Бойыншағы күш-қуатты қайда жұмсарын білмей жүрген жастар сындырды. Ол жерде қазір күзетші бар. Жарық шамдарын қайтадан салды. Күзетші болмаса неге қиратып кетуі керек? Айналып келгенде ол өзің туып-өскен, тұрып жатқан ауылың емес пе? Сонда бізге тәртіпті болып жүру үшін міндетті түрде біреу қадағалап, күзетіп тұруы керек пе? Қазір тұлғалық жағынан дамуға не көп – мүмкіндік көп емес пе?! Мұның бәрі – білімсіздік, надандық, Абай атамыз айтқандай адамды аздырып жүрген «тамағы – тоқтық, жұмысы - жоқтық».

Зәулім үйден жалығып, туған жеріме оралам

BAQ.KZ: Қазіргі уақытта кімнің қолында тұрып жатырсыз?

Мырзабек Смағұлов: Ұлымның өмірден озғанына 12 жыл өтті, Гүлия келінімнің қолында тұрып жатқаныма 14 жыл болды. Балам өмірден озған соң бір-екі жыл бойы қай баламның қолына кететінім туралы ойландым. Бір жылдан кейін келініме «Мен сені бір жыл сынадым. Жүрегің соншалықты таза, қолыңдағы барыңды ешкімнен аямайтын көңілі кең адам екенсің. Мен сенің қолыңда тұра бергім келеді. Зейнетақымды өзің алып, керегіңе жарата ғой» дедім. Сонда келінім «Маған зейнетақыыңыз керек емес, ең басытысы – аман-есен болып, немерелеріңіздің қасында қуанышқа бөленіп жүре берсеңіз болды» деді. Қазір үйдегі кіші немерем әкесінің жолын қуып, дәрігерлік жолды таңдады. Нұр-Сұлтан қаласында мелициналық академияда оқып жатыр. Қазіргі кезде оқу орнының жіберуімен Америкаға уақытша оқуға кетті. Ұлым жақтан шөбере сүйіп отырсам, жиендерім жақтан шөпшек сүйіп отырмын. Өскеменде 2-3 қабатты зәулім үйлерде тұратын қыздарым бар. Оларға қыдырып барған кезде 2-3 күннен кейін жабығып, туған жеріме оралғым келіп тұрады. Ауылдағы мені ойын баласынан бастап қариялардың бәрі таниды. Мені алыстан көріп «Ассалаумағалейкум, ата!» десе, мен үшін бақыт деген – сол.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық