Бас жаңалықтар
«Барлығына қарсы» бағанын енгізу азаматтардың көзқарасын білдіру мүмкіндігін кеңейтеді – сарапшы
26 Мамыр 2021, 09:55 1645

«Барлығына қарсы» бағанын енгізу азаматтардың көзқарасын білдіру мүмкіндігін кеңейтеді – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 25 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Осыған орай Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Арман Токтушаков пікір білдірген еді.

Аталмыш заңдар негізінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізіледі, Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «баршаға қарсы» бағаны қосылады. Жаңа өзгерістер ҚР Президенті бастаған ауқымды және жүйелі саяси реформалардың бір бөлігі. Бұрын іске асырылған бастамалардың ішінде саяси партиялар үшін тіркеу тосқауылының төмендегенін, партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін, митингілер туралы жаңа заңның қабылданғанын атап өткен жөн, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, сайлау туралы жаңа заңда көзделген ауыл әкімдерінің сайлауы ең алдымен, азаматтарды елді басқару процесіне неғұрлым кең әрі белсенді тартуға бағытталған. Бұл Қазақстандағы сайлау процесін одан әрі демократияландыруды көрсетеді.

Ауыл әкімдерін сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын іске асырудағы саяси белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың өзекті проблемаларына неғұрлым бейім болуына ықпал ететін болады. Мәжіліске саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендетуге қатысты, бұл, ең алдымен, парламенттік сайлау барысында елдегі саяси бәсекелестікті күшейтуге және мемлекеттік саясатты әзірлеу кезінде халықтың барынша кең топтарының пікірін қамтуға мүмкіндік беретінін атап өту қажет. Сондай-ақ аталған норма жұмыс істеп тұрған саяси партиялардың Парламентке өту мүмкіндігін арттыра отырып, жоғары заң шығарушы органда азаматтардың әртүрлі топтарының мүдделерін барынша кең ұсынуға ықпал ететін болады, - деді ол.

Ол «барлығына қарсы» бағанын енгізу азаматтарға сайлаудағы балама позицияны білдірудің тиімді құралын ұсына отырып, сайлаушылардың сайлауда өз көзқарасын білдіру мүмкіндігін кеңейтетінін айтты.

Осылайша, Қазақстандағы саяси сайлауды реттейтін жаңа заңдардың қабылдануы демократияландыру процестерін дамыту, елдегі парламентаризм мен көппартиялықты күшейту тұрғысынан кезекті маңызды қадам саналады. Тұтастай алғанда, қабылданған заңдар саяси жаңғыртуды жүзеге асыруды жалғастыруға және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға ықпал ететін болады, - деді сарапшы.


Фото: дереккөз
Загрузка...