Бас жаңалықтар
«Бақытты отбасы» жобасы бойынша Қарағанды облысында шаралар атқарылуда
17 Сәуiр 2019, 17:22 844

«Бақытты отбасы» жобасы бойынша Қарағанды облысында шаралар атқарылуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қарағанды облысындағы Nur Otan партиясының филиалында Балалардың құқығын қорғау бойынша республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиында Елбасының бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.



Еліміздегі отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Бақытты отбасы» ұлттық жобасының аясында құрылған республикалық кеңестің мүшелері бірнеше күн Қарағанды аймағының түкпір-түкпірінде болып, қазақстандық отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.



«Біздің партия маңызды төрт ұлттық жобаны іске асыруда. Олар «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» және «Ауыл – ел бесігі». Оның ішінде «Бақытты отбасы» жобасы жайлы айтар болсам, бүгінгі күні аталған жоба аясында елімізде жол картасы құрылған. Осы жол картасы бойынша еліміздің әр өңірінде, оның ішінде Қарағанды облысында да іс-шаралар атқарылып жатыр. Жобаның баста мақсаты – біздің еліміздегі отбасылардың әл-ауқатын арттыру, балалардың құқығын қорғау, оларға заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету, қордаланған мәселелерін шешуге көмек көрсету. Аймақта осы бағытта өте үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әрбір ауланы аралап, үйлерге бас сұғып, отбасылардың жағдайын көзбен көріп жатырмыз. Көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, құжаттары жоқ адамдарды да анықтап, оларға кеңес берілуде. Қазіргі уақытта Nur Otan партиясының жанынан Балалардың құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес құрылып, қалалар мен аудандарда жұмыс тобы жұмыс істеуде. Бұл жұмыс тобының құрамына көпбалалы аналар, бизнес, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де кірген. Жұмыс тобы бүгінгі күнге дейін 237 отбасыны қабылдап, оның әрқайсысына көмек көрсетілді», - деді Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Қадиша Оспанованың айтуынша, республикалық кеңес жергілікті органдармен бірлесе отырып жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам адам кеңес алуға келген. Партия 400-ден астам оралманның құжаттарын реттеуіне көмек көрсеткен. Кәсіпкерлерді тарту арқылы, бес отбасының пәтерлі болуына көмек қолын созып, кей отбасының балаларын балабақшаға орналастырған.

«Бір ғана Шет ауданында құжаттары жоқ, не болмаса атаулы әлеуметтік көмек алмаған 140 адам анықталды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмекті қалай алу керек, баспаналы болу сияқты мәселелер бойынша кеңес беріледі. Бұл жұмыс әрі қарай да өз жалғасын табатын болады», - деді ол.

«Бақытты отбасы» ұлттық жобасын іске асыру бағытында Балалардың құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес екі күн бойы облыстың қала, аудан, елді мекендерін аралап, білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік нысандарында болып, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне барған.

«Бақытты отбасы» жобасының атында айтып тұрғандай жанұяда жақсылық болса, ертеңгі болашағымыз да жарқын болады, ол болмаса болашаққа күмәнданамыз. Еліміздің әрбір отбасының бақытты болуына көмектесу үшін партияның орталығы жанынан Балалардың құқығын қорғау бойынша кеңес құрылған болатын. Біз комиссия мүшелері Қарағанды облысындағы балалардың жағдайының қандай екендігін, көпбалалы аналардың, аз қамтылған отбасылардың, жалғызбасты аналардың жағдайын өз көзімізбен көрейік, осы мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын білейік деп келдік. Біздің ойымызша, Қарағанды облысындағы 1-4 сыныпта оқитын балалардың барлығы ыстық тамақпен қамтылуы қажет. Себебі, Қарағандыдағы балалардың денсаулық индексі басқа өңірлерге қарағанда төмендеу, сондықтан балалардың иммунитетін көтеру үшін тамақпен қамтылуы керек деген пікірдеміз. Жұмыс барысында байқағанымыз, көптеген отбасына мемлекет тарапынан берілетін көмектер жайлы ақпараттандыру жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Осы берілген тапсырмалардың атқарылу деңгейін тексеру үшін жұмыс тобы Қарағандыға тағы да ат басын бұратын болады. «Бақытты отбасы» жобасының балалар құқығын қорғау бағытының іске асырылуын қадағалау қажет. Әрбір отбасының тағдыры болғаннан кейін, атқарылар шаралардың ауқымы кең», - деді Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқығын қорғау республикалық кеңесінің сарапшы-кеңесшісі Рысты Жұмабекова.

  
Комиссия мүшелері Қарағанды облысындағы балалардың спортпен қамтылу деңгейіне жоғары баға берді.

«Президент әкімшілігі жанынан құрылған жұмыс тобының негізгі мақсаты – балалардың бос уақытын спортпен толыққанды қамту болып табылады. Осы бойынша Қарағанды облысында екі күн бойы жұмыстар жүргізілді. Бала бос уақытын тиімді өткізу үшін оларды спортқа тарту қажет. Сол тарапта Қарағанды облысында біршама шаралар атқарылғандығын көрдік. Қазіргі уақытта аймақта 40-тан астам спорт мектептері жұмыс істейді, оларда 190 мыңнан астам бала қамтылған. Бұның барлығы да тегін. Олардың ішінде 560 бала көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан. Қарағанды облысында 24,1 бала спортпен айналысады. Бұл басқа аймақтармен салыстырғанда жоғарғы көрсеткіш деп есептеледі. Біздің тарапымыздан ұсынылатын мәселе – спорт секцияларының тегін екендігін, онда әрбір бала денешынықтырумен айналысуға мүмкіндігі бар екендігін халыққа жеткізу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Себебі, кейбір отбасы осындай мүмкіндіктердің бар екендігін білмейді», - деді Мәдениет және спорт министрлігі, Стратегиялық талдау және жиынтық талдау басқармасының бас сарапшасы Мықтыбек Нарботаев.




Фото: автордан

Сізден жаңалық