Әшімбаев: Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету - мемлекетіміздің негізгі басымдығы

5 Сәуір 2019, 14:47
2135
Бөлісу:
Әшімбаев: Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету - мемлекетіміздің негізгі басымдығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Халыққа Көмек» жобасы Ақмола облысында ерекше қарқынмен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы және Елбасы партия съезінде анықтап берген басқа да басымдықтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған өңірге арнайы барды.

Сапар барысында ол партия облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде болып, жоба аясында қолға алынған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінің қызметіне назар аударды. Аталған жүйенің іске қосылғанына көп уақыт өте қоймаса да еліміз бойынша оң нәтижесін беруде. Соның ішінде Ақмола облысын ерекше атап өткен жөн. Өйткені өңірде әлеуметтік терезе арқылы 431 өтініш келіп түсіп, оның 43 пайызы дереу оң шешімін тапқан.

Сондай шешімдердің бірі Маулен Ашимбаевтың қатысуымен орын алды. Нақты айтқанда, қызының оқу ақысы үшін көмек сұрай келген көпбалалы анаға қажетті сомада қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ оның пәтер жалдап тұратыны ескеріліп, баспана мәселесі де қаралып, облыс басшылығы тарапынан заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.

«Халыққа Көмек» тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жоба. Сондықтан азаматтардың өтініштерін аяқсыз қалдырмай, белсенді жұмыс істеуіміз керек. Өйткені халықты алаңдатқан мәселелерді оң шешіп, дереу қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Көкшетау қаласындағы Қақжановтар отбасына арнайы барды. Бұл отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай олардың екеуі сал ауруына шалдыққан. Бұған дейін отбасы мемлекеттік бағдарламамен жалға алған екі бөлмелі пәтерлерінің қалған сомасын өтеп, толығымен сатып алу үшін партиядан қолдау сұраған болатын. «Бақытты отбасы» жобасы аясында аталған мәселе оң шешімін тапты.

"Бұл бастама да Елбасының тікелей бақылауында. Өйткені көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету мемлекетіміздің негізгі басымдығы", – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы