БҚО-да пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды

20 Қыркүйек 2019, 06:15
2365
Бөлісу:
БҚО-да пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімдігінде өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жайы талқыланды, деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиналысқа облыс прокуроры Ж. Өмірәлиев, шаруа қожалықтары мен мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты.

Батыс Қазақстан облысының жалпы аумағы 15 млн. 133 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 6 907,3 мың га. Жергілікті атқарушы құрылымдардың облыстық прокуратурамен бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде соңғы жылдары жалпы аумағы 1 млн. 532 мың га құрайтын қолданылмай жатқан 1805 жер телімі анықталды. Қазіргі таңда анықталған қолданыссыз жерлердің 1122 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, шамамен 400 мың га жерді иелері өздері игеретін болды. 

«Кеше Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шаруашылық айналымға қосу қажеттілігіне басты назар аударды. Біз аграрлық облыс саналатындықтан, жер – бұл өңір үшін ең маңызды мәселенің бірі. Қолда бар мәліметтер бойынша иелері тиісті жұмысты жүргізбей отырған анықталмаған жер телімдері бізде жетерлік. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары бізде 1,5 млн. га астам егістік жер болса, қазір бұд көрсеткіш бар-жоғы 540 мың га құрайды. Аудандық жерлердегі шаруалар мемлекетті алдап, егістіктің шеткі бөліктеріне бірдеңе еккен кейіп танытып, өтірік есеп тапсыратындар да бар екендігін айтады. Өзінің беделін пайдаланып, біздің қызметкерлерге қысым көрсету арқылы өздеріне жерді кері қайтару бойынша заңды шаралар қолданбауды талап ететіндер де бар, - әкім Ғали Есқалиев.

Жиналыста Бәйтерек ауданы бойынша жерлердің жайы қарастырылды. «Насым», «Турсун и К» ЖШС-лары секілді жер иелері біраз уақыттан бері 18 мың га егістікті игермей келіпті.

«Мұндай жер иеленушідерді мен залал келтірушілер деп есептеймін. 18 мың гектарды мысалға ала отырып, залалды былайша көрсетуге болады. Егер бидай, күнбағыстың өнімділігін орташа есеппен 1 гектарға 10 центнерден деп алсақ, өңір жыл сайын шамамен 1,5 млрд. теңге  пайдадан айрылып отыр. Аталған аумақтарда 30-40 адам, ал шектес жұмыстарды есепке алғанда, 100 адамға дейін жұмыс жасай алар еді. Және, ең бастысы, бұл жер азып, құнсызданады және жұмысы жанданып тұрған көршілес алқаптарды бүлдіреді», - деді облыс әкімі.

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова өкілі жылдың соңына дейін жерсеріктік мониторинг арқылы жер телімдерінің нақты игерілуі туралы мәліметтер алуға мүмкіндік  беретін геоақпараттық жүйе жұмыс жасай бастайтындығын мәлімдеді.

«Қолданыссыз жатқан жер иелеріне айтарым: келесі жылдан бастап біз жерсеріктік мониторинг арқылы жердің пайдаланылуы туралы жедел ақпарат алу мүмкіндігіне ие боламыз және жалған есеп тапсыру деген болмайды. Сол себепті аудан әкімдеріне қолданылмай жатқан жер телімдерінің иелерімен, жалға адушылармен тағы бір мәрте жүздесуді тапсырамын. Егер олардың жермен жұмыстануға мүмкіндіктері болмаса, өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарсын, не болмаса сот құрылымдарына тапсырыңыздар. Берілген жерде жұмыс жүргізгісі де, мемлекетке қайтарғысы да келмейтіндердің аты-жөнін БАҚ арқылы жариялайтын боламыз», - деп мәлімдеді өңір басшысы.

Сондай-ақ, жиналыста геоақпараттық жүйеге әлеуетті инвесторлар үшін бос жатқан жер телімдеріне өткізілетін жоспарлы конкурстар туралы қолжетімді және түсінікті ақпаратты орналастыру қажеттілігі айтылды.

Өзгелердің жаңалығы