Бас жаңалықтар
Азия чемпионаты. Екінші күнді де Моңғолия құрамасы жеңіспен бастады
17 Сәуiр 2019, 11:54 538

Азия чемпионаты. Екінші күнді де Моңғолия құрамасы жеңіспен бастады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда байрағын көтерген Жастар арасындағы І Азия чемпионатының екінші күні де басталды.

Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату қатарлы ұлттық ойындарымыздан Азияның 10 елінің арасында өтетін Азия чемпионатының екінші күні де көкпармен жалғасты. 



Бұған дейін Б тобында сайысқа түскен Моңғолия мен Тәжікстан арасындағы алғашқы кездесу 4:2 есебімен моңғолиялық құраманың пайдасына шешілсе, Қытай мен Ресей арасындағы тартысты бәсеке Қытайдан келген додапаздардың тақымы мықты екенін танытқан. Есеп – 10:1. Ал А тобында додаға түскен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тартысты бәсекеде жерлестеріміз Көшпенділер ойындарында жіберген есені еселеп қайтарды. Есеп – 13:2, Қазақстан құрамасы қара үзді.



Бүгінгі сайысты ашқан Моңғолия мен Қытай құрамалары арасындағы бәсеке тым тартысты өтті. Дегенмен қытайлық додапаздар кешегі қарқынын жоғалтып алғандай. Ойынның алғашқы бөлігінің өзінде-ақ, моңғолиялық көкпаршылар есепті 4:0-ге жеткізді. 

Көрермендер арасында «Шыңғыс хан мен Құбылай хан ұрпақтары арасындағы тартыс» деп әзілдеп жатқандары да болды. Дегенмен, екі елден келген көкпаршыларымыздың барлығы да өзіміздің қаракөз қандастарымыз екенін айта кеткен абзал.



Сонымен әр бөлігі 20 минутқа созылған екі таймда моңғолиялық көкпаршылар тізгінді қолдан бермеді. Ойынның шешуші бөлігінде моңғолиялық тас тақым жігіттер есепті 5:3-ке жеткізді.



Бұдан соң алаңға Ресей мен Тәжікстан құрамасы шығады. 

Естеріңізге сала кетейік, көкпар сайысына жалпы саны 7 команда қатысқан болатын, жұптастыру бойынша ауғанстандық көкпаршылар қарсылассыз қалған еді.

Фото: автордан

Сізден жаңалық