Қазақ-қырғыз шекарасы: дау неден туды?

11 Маусым 2020, 09:16
5612
Бөлісу:
Қазақ-қырғыз шекарасы: дау неден туды?

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда "Қарасу" бақылау-өткізу бекетінде қазақстандық сараптамалық топтың, шекара қызметінің мамандары бірігіп жұмыс істеп жатыр. Қырғыз тарапымен болған түсініспеушілік шешімін тауып, бекет қалыпты жұмыс режіміне көшкен.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік құралдары кептелісінен туған дауға байланысты Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экспорттық бақылау басқармасының басшысы Еркінбек Тастағанов айтып берді.

Негізі біздің басты жұмысымыз - шекарадан кірген-шыққан көлік құралдарының құжаттарын тіркеп отыру. Ол не үшін керек? Салықтың ел бюджетіне уақтылы түсуі үшін керек. Өйткені, кейбір кәсіпкерлер заңсыз қызмет атқарады, көзбояушылықтарға барғысы келеді. Содан соң, шекарадан өткен әрбір көлік құралы әр айдың 20-сына дейін салық қызметіне декларация өткізеді. Бұл дегеніміз әр кәсіпкер шекарадан алып өткен тауарның 20 пайызын мемлекетке төлейді, яғни қосымша құн салығын. Мұны эксперттік бақылау қызметі атқарады, - деді Еркінбек Жанқабайұлы.
Оның айтуынша, бұрын бір тәуліктік кезекшілікте 7 маман тұратын болған. Қазір автокөлік құралдарының күрт жиілеп кетуіне байланысты ол қызметкерлердің саны 9 адамға көбейтіліпті. Бір көлікті тексеру 5-7 минут уақытты алады екен.

Ілгеріде қазақ-қырғыз шекарасында алты бақылау-өткізу бекеті жұмыс істеген. Соның ішінде "Қордай" бекеті күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жұмысын уақытша тоқтатып тұр. Әлем елдерінде қалыптасқан пандемия індетінен сақтану шараларына орай биылғы 19 наурыздан бастап үш бекет тағы жабылды. Содан соң, Жамбыл ауданы Гродикова ауылында орналасқан "Айша бибі" бекеті мен Қордай ауданының аумағындағы "Қарасу" бекеті ғана қалды. Алайда, "Айша бибі" бекетінен көп көлік өте бермейді. Меркі ауданынан ары қарай қызмет етіп тұрған бес бекеттен бір ғана бекет жұмыс істеп тұр ғой сонда. Сол бес бекеттен өтетін көлік құралдарының барлығы "Қарасу" бекетіне келіп тұмсық тірейді. Міне, осыдан барып көлік кептелісі болады, - деді өңірдегі Экспорттық бақылау басқармасының басшысы.
Ол бұрын бос автокөліктердің барлығы "Ауқатты" бекеті арқылы өтсе, екі ел арасына қатынайтын шағын автобустардың барлығы "Қордай" бекетінен өтетінін жеткізді. Күніне жүзден аса көлік құралы "Меркі-Сыпатай батыр" арқылы жол табатын болған екен. Қызылорданың үстінен басып өтетін, Шымкентке баратын транзиттер де сол жақтан кетіп жататын. Енді соның бәрі "Қарасуға" келіп жинала берген.

Оның үстіне, қазіргі маусымға орай көкөністер, бақша өнімдері тасымалы артып тұр. Негізі, бұл бекеттің сыйымдылығы 500 көлікке арналған. Мамыр айының басында бұл бекеттен 200-250 көлік құралы өтіп жүрген. Жаңа айтылған себептерден соң, мамыр айының соңына таман бекеттен өтетін көліктер саны 600-650-ге көбейіп кетті. Сондықтан қазақстандық мамандар физикалық тұрғыдан үлгермеген. Оған тағы 200-250 көлік қосылған. Содан барып "Қарасу" өткізу-бақылау бекетінде кептеліс туған. Ал 600 көліктен артық өткізуге бекеттің қауқары жетпейді, - деді Еркінбек Жанқабайұлы.
Жауапты маман қырғыз тарапы біздің мамандарымыздың ұзақ тексеретінін айтып, кінәлайтынын да әңгімеледі. Оның айтуынша, бекетте экспорттық бақылаушы мамандардан бөлек, шекара қызметі де бар. Олардың да өзінің тексеріс шаралары бекітілген. Тыйым салынған есірткі, қару-жарақ құралдары өтіп кетпеуі керек. Бұл жұмыстар жіті қадағалауды қажет етеді.
Ал қырғыз жақ бекеттегі қызметкерлердің жұмысы жеңіл. Өйткені, ол жақтан кетіп жатыр. Ашып тастап отыра береді. Біз мемлекетіміздің аумағына кіргізіп жатырмыз. Бақылауымыз күшті болуы тиіс, қызметімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек, - деді Е.Тастағанов.

Өзгелердің жаңалығы