Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бақыттылық деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде Қазақстан 153 мемлекеттің ішінде 50-орынға көтерілді. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
Оқи отырыңыз:
Еліміздің ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті жыл сайын "Халықтың өмір сапасы" тақырыбында халық арасында сауалнама өткізеді. Сол жүргізілген зерттеуге сәйкес, респонденттердің 63,5% өз өміріне қанағаттанады екен. Оның ішінде ауыл тұрғындары (72,6%) қалада тұратын (58,4%) қазақстандықтарға қарағанда өз өмірлеріне анағұрлым риза. Онымен бір мезгілде, сұрақтарға жауап бергендер арасында тағдырына қанағат еткен ер адамдар (61,8%) әйелдерге қарағанда (58,5%) көп болып шықты.
Қазақстан World Happiness Report сайтының мәліметіне сәйкес, былтыр 60-орында болған. Биылғы жылы 10 сатыға көтеріліп отыр. Еуразиялық одақтың ішінде Қазақстан бірінші орында келеді. Рейтингте Ресей – 73 орында, Қырғызстан - 74-ші орында, Беларусь - 75-ші орында, ал Армения 116-орында тұр.
Бақыттылық деңгейі бойынша әлемдік рейтинг – бұл әлем елдері халқының бақытты болу көрсеткішін анықтайтын халықаралық зерттеу жобасы.Рейтингті әзірлеу кезінде бірнеше көрсеткіш есепке алынады. Олар: жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің деңгейі, өмірдің ұзақтығы, азаматтық бостандықтың болуы, ертеңгі күнге деген сенім мен қауіпсіздік сезімі, отбасының тұрақтылығы, жұмыспен қамту кепілдігі, жемқорлық деңгейі, сондай-ақ, сенім, қайырымдылық пен жомарттық сияқты көрсеткіштер.
Ал әлемдік рейтингтің басында Финляндия мемлекеті тұр. Үздік ондықтың қатарында -Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланды, Швеция, Жаңа Зеландия, Австрия және Люксембург бар.
Ал ең соңғы орында - Зимбабве, Оңтүстік Судан мен Ауғанстан.