Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 113-орында

25 Қаңтар 2020, 18:13
2410
Бөлісу:
Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 113-орында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы 2019 жылғы "Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі" атты жыл сайынғы басты зерттеулерінің нәтижелерін жариялады. 


Қазақстан мүмкін болған 100 баллдың 34 баллын алып, 180 елдің арасынан 113 орынды иеленді. Осылайша, былтырғы жылмен салыстырғанда индексті 3 баллға және 11 орынға жақсартты. Бұл Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне қатысқан уақыт аралығындағы ең жоғарғы көрсеткіші екендігін атап өткім келеді. Біз тарихи максимумға қол жеткізіп, едәуір жоғары көтерілдік. Transparency International ешқашан біздің елімізді мұнша жоғары бағалаған емес, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов. 

Оның айтуынша, Transparency International-дің қазіргі бағалау әдістемесі 2012 жылы бекітілген. Сол сәттен бастап 2019 жылға дейін Қазақстан өзінің орнын 28-ден 31-ге дейін тек 3 баллға ғана жақсартқан болатын. Ал қазір 7 жылдық ілгерілеуді 1 жылдың ішінде орындады. 

Әрине, біз жайғасқан өазіргі орын біздің қалауымыз бен пайымымызға сәйкес келмейтіні түсінікті. Біздің елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мұнан да жоғары бағаға лайық деп санаймыз. Дегенмен, біздің алған орнымыздың едәуір жақсаруының өзін оң бағалау қажет. Сонымен қоса, Қазақстанның 2019 жылдың екінші жартысында қабылдаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларының нәтижелері күзге дейін есептелетін болғандықтан, бұл рейтингті құру барысында оның ескерілмегендігін атап өткен жөн, - деді Агенттік төрағасының орынбасары. 

Айта кетейік, Қазақстан бойынша индексті есептеу барысында Батыс Еуропа мен АҚШ-та орналасқан 9 танымал халықаралық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде агрегатталған көрсеткіштер қолданылды.

Әр ұйым рейтингті қалыптастырудың өзіндік әдістемесін қолданады: онлайн сауалнама жүргізу, сарапшы бағалауы, респонденттердің шектелген ортасынан сұхбат, статистикалық мәліметтерді талдау, мемлекеттің экономиканы және қаржыны т.б. басқаруға қатысу деңгейін бағалау. 

Бұл индексте еш мемлекет ешқашан 100 балл алған емес. Биыл Дания және Жаңа Зеландия 87 балл алып, 1-орынды бөлісті, 3-орынды Финляндия (86), 4-орынды Сингапур, Швеция және Швейцария (85) алды. Рейтингтің аутсайдері - Сомали (9), Оңтүстік Судан (12) және Сирия (13).
Өзгелердің жаңалығы