Қазақстан мен Малайзияның дипломатиялық қатынасына 27 жыл

16 Наурыз 2019, 16:29
2231
Бөлісу:
Қазақстан мен Малайзияның дипломатиялық қатынасына 27 жыл

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан мен Малайзия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 27 жыл толды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 


Дипломатиялық қарым-қатынастардың 27 жыл кезеңінде Қазақстан мен Малайзия арасындағы сенімді саяси диалог орнатылып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық белсенді дамып келуде, екіжақты өзара іс-қимылдың қажетті механизмдері құрылды.

2014 жылы екі ел арасында екіжақты қарым-қатынастарды «жан-жақты әріптестік» деңгейіне көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі және Малайзияның Қазақстандағы Елшілігі 1996 жылы ашылды.

2013 жылдан бастап Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Данияр Сарекенов.

2017 жылдан бастап Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Саид Мохамад Бакри Саид Абдул Рахман.

Ынтымақтастықтың негізі мен басымдықтары достық және өзара тиімді байланыстарды дамытудың іргетас негізіне айналған тұрақты жоғары және жоғарғы деңгейдегі сапарлармен қамтамасыз етілді.

Қазақстан Президенті Малайзияға ресми сапарлармен үш рет барған (1996, 2006, 2012 жж.), ал Малайзияның жоғарғы басшылары елімізге төрт рет (1996, 2003, 2011 және 2014 жж.) келген болатын.

Сауда-экономикалық байланыстар, атап айтқанда, мұнай-газ өнеркәсібі және мұнай-газ сервисі, исламдық қаржыландыру, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыс, ауылшаруашылығы, халал индустрия, электрондық коммерция, туризм, киберқауіпсіздік және т.б. салаларда қарқынды дамуда.

2018 жылы екіжақты сауда көлемі 2017 жылмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайып, 478 млн АҚШ долларына жетті, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 351,7 млн, ал Малайзиядан импорт 126,1 млн құрады.

Бүгінгі күні Қазақстанда малайзиялық компаниялар инвесторлармен бірлесе, мұнай-газ, ауылшаруашылығы және құрылыс салаларында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына тең бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Білім беру саласында да ынтымақтастық белсенді дамуда. Қазіргі таңда малайзиялық университеттерде 1 мыңға жуық қазақстандық студенттер білім алуда.

Өзгелердің жаңалығы