Қайрат Сатыбалды: Этноспортты дамыту – ұлттық ерекшелікті сақтау

20 Сәуір 2019, 11:11
4816
Бөлісу:
Қайрат Сатыбалды: Этноспортты дамыту – ұлттық ерекшелікті сақтау
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы әлемдегі этноспорттың дамудың жаңа кезеңіне шыққаны туралы айтты.

«Баршаңызға белгілі, соңғы жылдары əлем халықтарының дəстүрлі спорт түрлері мен ойындарын дамыту қатты қарқын ала бастады. Себебі, осы дəстүрлі спорттар мен ойындарға көбірек көңіл бөлу арқылы əлемдегі əр халықтың тарихи жадын, ұлттық ерекшелігін сақтау мүмкіндігі бар. Осы орайда, штаб-пəтері Түркияда орналасқан Бүкілəлемдік этноспорт конфедерациясының жүйелі жұмыстарын, конфедерацияның президенті Неджметтин Билал Ердоған мырзаның бұл саладағы табысты еңбектерін айтып өткеніміз орынды» - деді ол Алматы қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық форумында.

Оның айтуына қарағанда, этноспортты дамыту мақсатында Конфедерация ұйымдастырған ірі шаралар аз емес.

«2018 жылдың өзінде ғана біз Түркияда өткен екі ірі халықаралық жиынға шақырту алдық. Атап айтқанда, ақпан айында Анталия қаласында «Дəстүрлі спорт түрлерін қайта жаңғырту» атты І Халықаралық форумы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тамыз айында Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның жəне Бүкілəлемдік Этноспорт Конфедерациясының ұйымдастыруымен «Этноспорт жөніндегі кешенді консультативті ІV кеңесі» өтті. Осы жиын барысында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Бүкілəлемдік Этноспорт Конфедерациясының толыққанды мүшелігіне қабылданды» - деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып І Бүкілəлемдік этноспорт ойындарын өткізуге ниетті.

«Қазіргі кезде бұл бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, ЮНЕСКО-ның Дəстүрлі спорттар мен ойындар комитетіне, Бүкілəлемдік этноспорт конфедерациясына жəне тілектес барлық əріптестерімізге мемлекетіміздегі мыңдаған ұлттық спорт жанкүйерлері мен спортшылары атынан айтар алғысымыз шексіз» - деді Қайрат Сатыбалдыұлы.

 

Өзгелердің жаңалығы