Әйел адамдар жеке вагонға билет ала алады

12 Қазан 2021, 19:41
2793
Бөлісу:
Әйел адамдар жеке вагонға билет ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ билеттерді электрондық сату жүйесін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Биыл 10 қазанынан бастап компания әйел адамдар үшін жол жүру құжаттарын (билеттерді) ресімдеу бойынша жаңа қызметті іске қосты.

Жобаны іске асыру үшін №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы-1 - Өскемен» жолаушылар пойыздарында бір купе вагоны іске қосылды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында темір жол билеттерін рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдер) белгісі болған жағдайда бұл вагон тек қана әйел жолаушыларға (толықтай вагонға) билет сатуға арналғандығын білдіреді. Сондықтан ер жолаушылар пойыз билеттерін сатып алғанда абай болу керек. Бұл ретте аталған вагонға еріп жүретін адам болған кезде 7 жасқа дейінгі ер балаларды ресімдеуге рұқсат етіледі – делінген компания таратқан ақпаратта.

Бірінші рейске (№77 – 58п. пойызы, №351– 34п. пойызы) 10 қазан күні «әйелдер» вагонына 92 жолаушының жол жүру құжаттары (билеттері) рәсімделді.

Әйел жолаушылар тарапынан осы қызметке сұраныс болған жағдайда компания Қазақстан ішіндегі маршруттардың ауқымын кеңейтуге және өз клиенттері тарапынан ұсыныстарға дайын – дейді компания өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы