Ауырғандардың саны өсіп отыр – бас санитар

20 Мамыр 2020, 16:25
1076
Бөлісу:
Ауырғандардың саны өсіп отыр – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар көбейген. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

Әлемде коронавирустық инфекция бойынша сырқаттану жағдайы әлі де тұрақсыз. Ауырғандардың саны өсіп отыр. Бүгінгі күні әлемде барлығы 5 миллионға жуық адам ауырып, оның ішінде 324 мың адам қайтыс болды. Бүгінгі күнге Қазақстанда 6 969 жағдай тіркелді. Күнделікті емделіп шыққан адамдардың саны артып келеді. Барлығы 3 649 адам жазылып шықты. Бұл ауырғандардың 50 пайызын құрайды. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3,2 пайызды құрады, - дейді Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, 218 адамның 25-і науқастармен байланыста болғандар, 28-і скрининг барысында анықталғандар, 21-і ауруханаға жүгінгендер, 17-сі сырттан әкелгендер екен.

 Соңғы апта ішінде елімізде коронавируспен сырқаттану өсімі 15 пайызға жетіп отыр. Бұл ең алдымен коронавирус инфекциясына тест өткізу көлемінің артуымен байланысты. Коронавирус инфекциясы тіркелген сәттен бері бүгінгі күнге дейін 559 мыңнан астам тест жасалды. Наурыз айымен салыстырғанда, тәулік ішінде тестілеу саны 6 мыңнан 23 мыңға дейін ұлғайды. Бұл тәуекел тобына кіретін тұлғалар арасында скрининг жүргізу арқылы науқастарды анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізуімізге мүмкіндік берді, - дейді бас санитар.

Өзгелердің жаңалығы