Бас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына не себеп?
22 Қазан 2020, 13:58 181

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына не себеп?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылық өнімдері бағасының қымбаттауы өндіріс көлемінің азаюымен байланысты емес. 

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Сәуле Журынова мәлім етті.

Оның айтуынша, қаңтар-қыркүйек кезеңінде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі ақшалай мәнде 1404,2 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға артық.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамына әлеуметтік маңызы бар 32 азық-түлік тауар бойынша аймақтардың қамтамасыз етілуін бақылауда ұстап отыр.

Жыл басынан бері кей азық-түлік бағасының өсімі өндіріс көлемінің азаюымен байланысты емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, қарақұмық жармасы – 22,1%, қант – 17,8%, сары май – 11,9%, картоп – 8,3%, сәбіз – 8,1%, өсімдік майы – 6,2%, тауық жұмыртқасы – 3,8%-ға қымбаттаған. Аталған өнімдердің мөлшері елде жеткілікті. Бағаның өсуіне өндірістің маусымдылығы, тиімсіз делдалдар, өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін қызметтер бағасының өсуі, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде тұрақты жеткізудегі қиындықтар мен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты факторлар әсер етті, - дейді ол.

Оның айтуынша, елімізде 1,9 миллион тонна азық-түлік қоры, бұдан басқа 800 миллион данадан астам жұмыртқа және 10,9 миллион тонна бидай бар. 

Елде азық-түлік тапшылығы жоқ және туындамайды да, - деп нақтылады спикер.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...