Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтардың сапасы бойынша өткен онлайн жиналыс кезінде айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында оқулықтарды дайындау жүйесі толығымен өзгерді. Оқулық сапалы білім алудың өте маңызды құралы екені айдан анық. Біз бұған дейін айтқанымыздай, үлкен өзгерісті енгіздік. Бүкіл нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілді. Әділет министрлігінде тіркелді. Сондықтан қазір жаңа тәртіп орнатылды. Шығатын оқулықтардың сапасы мүлдем басқаша болады. Әрине, сұрақ көп. Оны бәріміз білеміз. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, біз ештеңені жасырмауымыз керек. Проблемалы сұрақтар болса, оларды танып, біліп, оларға жауап беруіміз керек, - деді министр.
Аймағамбетов оқулықтардың мазмұнына, бағдарламасына байланысты сұрақ көп екенін айтты.
Сонымен қатар, оқулықтардың форматына, жіберілген қателерге байланысты да сұрақтар кездеседі. Біз оның бәрін білеміз. Осы ретте оқулыққа ортақ талап енгізілді. Мысалы, кей форматтың біреуі үлкен, біреуі кішкентай. Тіпті мұғалімдердің айтуынша, 1-сыныптарға арналған үстелдің өзінде үлкен-үлкен оқулықтарды 2 бала екі жақтан жұмыс дәптерін және оқулықты ашқанда, партаның өзіне сыймай жатады. Кейбірі «формат деген неге керек?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ оқулықтың форматы, қарпі, безендіру мәселесі де өте маңызды. Сондықтан баланың жас ерекшелігіне, психологиялық тұрғыдағы да мәселелер қаралып, ортақ талап енгізілуде, - деді министрлік басшысы.
Сондай-ақ, бұған дейін де түрлі проблемалар болғанын айтты.
Мысалы, біз оқулықтарды дайындағанда, оның мазмұнында балаларға үй жұмысын жасау үшін интернеттің сілтемесін жібереді. Кейін «енді осы сілтемені аш та, үй жұмысын жаса» дейді. Алайда, бұл тапсырманы жасауға барлық балада мүмкіндік жоқ. Ауылдағы, қаладағы, әртүрлі жағдайдағы балалар бар. Сондықтан үй жұмысын беріп, оны міндеттеп, тиісті жұмысты интернет арқылы ғана оқи алатын үй жұмысы болса, бала оны қалай істейді?! Осындай кемшіліктер болмауы керек, - деді Аймағамбетов.
Баланың жасына, мемлекеттік тіл саясатына сай әдістемелік тұрғыда оқулықтар дұрыс болуы керек. Электрондық оқулықтар туралы да мәселе өте маңызды. Ол бәріне қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар, олардың тегін болу сұрағы да басты назарда екенін айта кетті.
Біраз мәселелерге көңілімізді салып қарауымыз керек. Тарих оқулығы бойынша тиісті жұмыс қарастырылып жатыр. Қазақстан тарихы бойынша ортақ оқулық болуы керек. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның тарихы болғандықтан, оған ортақ бағдарлама бойынша ортақ оқулық болуы керек деген ұсыныс бар. Ұсынысты қарастырып, тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Ал көркем әдебиет бойынша зияткер, дарынды оқушы қалыптастырамыз десек, балалардың әдебиетті оқитындай мүмкіндігі болуы керек. Оған баулуымыз керек. Алайда, «Біздің нарықта балаға керекті әдебиет жеткілікті ме?» деген сұрақ пайда болады. Онымен қоса, мектеп кітапханаларының жағдайы қалай? Оларға көркем әдебиет кітаптары жеткілікті түрде сатып алынып отыр ма? Жоқ па? Оның жұмыс форматы қандай? Бұл сұрақтар өте маңызды. Көркем әдебиетті мектептерге алып беру жағдайы, оның жеткілікті болуы, онымен қоса дүниежүзілік әдебиетте танылған әдебиеттердің қазақ тілінді қолжетімді болуы бүгінгі күннің басты сұрақтарының бірі, - деді министр жиын барысында.
Аймағамбетовтің сөзінше, казақ әдебиеті оқулықтарының мазмұны, бағдарламасы бойынша да біраз сұрақ қойылуда. «Біршама классик бағдарламаға енбей қалған» деген сұрақтар, өтініш хаттар түсіп жатыр. Сондықтан осы мәселе бойынша жұмыс тобын құрып, тиісті жұмысты ұйымдастыратынын алға тартты.