Атыраулық азамат балаларды сауықтыру үшін түрлі емдеу әдістерін қолдануда

16 Сәуір 2019, 20:31
2841
Бөлісу:
Атыраулық азамат балаларды сауықтыру үшін түрлі емдеу әдістерін қолдануда
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Ерлан Күмісқалиев «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген атыраулық азамат. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеу-сауықтыруды мақсат еткен.

Бүгінге ол Атырау қаласында итпен емдеу әдісі, канистерапияны дамытса, енді жылқымен емдеуді қолға алған. Бұл әдіс қимыл-тірек қозғалысы дамымаған балаларды атқа отырғызу арқылы емдейді. Ал медицинада атқа мінгенде адамның 12 мүшесі түгелдей қозғалысқа түсетіндігі дәлелденген.

Ерлан Күмісқалиевтің игі бастамасын қолдаған жергілікті әкімшілік әлеуметтік қалашық салу үшін арнайы жер телімін бөліп, ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып-ақ кеткен. Кешеннің атауы «Атырау. Маленькая страна» деп аталады.

«Бұл бүкіл әлем бойынша осындай үшінші қалашық деп танылып жатыр. Біріншісі, Ұлыбританияда Кэмпхилл деген қалашығында, оның 40 жылдай тарихы бар. Екіншісі, Ресейдегі Ярославль облысы Светлана қаласында, оның да тарихы бар. Ал біздің «Маленькая странамыз» Қазақстанда ең алғашқысы», - дейді «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі төрағасы.

Қазіргі кезде көпшіліктің көмегімен тұрғызылған атқорада 10 бас башқұрт жылқысы үйретілуде. Олардың барлығы да демеушілердің көмегімен алынған. Жануарлардың қай-қайсысының да мінезі жай, сезімтал. Ал түстерінің әртүрлі болуы бүлдіршіндердің қызығушылығын арттырады.

Атыраулық азамат балаларды сауықтыру үшін түрлі емдеу әдістерін қолдануда

Сондай-ақ, аласа бойлы жылқылар балалардың мініп-түсуіне де ыңғайлы. Қазірдің өзінде Атырау қаласының өзінен баласын иппотерапиямен емдету үшін 500-ге жуық ата-ана тілек білдіріпті.

Қалашықтың аумағы 5 гектар. Мұнда қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлердің тарапынан көмек көрсетіледі. Алайда, дәл қазіргі кезде бұл жұмыстардың қарқыны бәсеңдеп қалған. Себебі, атқарылуға тиісті шаруаның бәрі тек Ерлан Күмісқалиев пен оның көмекшісінің мойнына жүктелген.

«Анда-санда келіп, көшет отырғызып, сенбілік жасап кететін немесе көмектесем дегендер болса, нұр үстіне нұр болар еді. Көмектесем деген адамдар, азаматтар болса, оларды қайтарған емеспіз. Қазір қолымыз жетпей тұрған ғимараттар бар. Мысалы, манеж салғымыз келеді. Осы қолымыз байланып, біздер балаларды оңалту жұмысымызды бастай алмай отырмыз», - дейді Ерлан Күмісқалиев.

Өзгелердің жаңалығы