Бас жаңалықтар
Атырауда гипс зауыты ашылды
24 Мамыр 2019, 17:30 649

Атырауда гипс зауыты ашылды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысына қарасты Индер ауданында гипс зауыты қайта ашылды. 2014 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған өндірістік нысанды алматылық компания сатып алып, толықтай жаңартқан. 

Бұл жерде енді жергілікті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы гипс және құрғақ құрылыс қоспалары шығарылатын болады. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылары, жергілікті ардагерлер мен тұрғындар қатысты. Индер жерінде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің 35 түрі бар екен.


«Бұл жердегі шикізат қоры 50-60 жылға жетеді. Болашағы зор. Бүгін міне, зауыт ашылып, ауыл жастарына жұмыс табылып жатыр. Өндіріс өркендеп, ауданымыз көркейетін болады»,-дейді ардагер геолог Хасан Қамашов. 

Зауыттағы құрылғылардың басым бөлігі Түркия елінен жеткізілген сондықтан оны жетік меңгерген түрік мамандарын жұмысқа алыпты. Дегенмен, компания басшылары 80-ге жуық жергілікті тұрғынды да жұмыспен қамтимыз деп уәде беріп отыр. Зауыттың жылдық қуаттылығы - 125 мың тонна. Өндіріс кезінде пайдаланылатын шикізаттың 90 пайыздан астамы жергілікті, тек қана химиялық қоспалар Еуропа елдерінен алынбақ. 

«Құрылғылармен толық жабдықталды. Қазіргі заманға сай жақсы сапалы өнімді шығаратын боламыз.Алдағы уақытта Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспортқа шығаратын боламыз. Жылына 125 мың тонна дайын өнімді шығарады. Олар құрылысқа пайдаланатын гипс, тағы басқа сылақ өнімдері»,-дейді «Fincraft Resources” компаниясының өкілі Дамир Мусин

«Fincraft Resources” компаниясы зауытты сатып алуға 4 миллиард, ал оны қайта жабдықтап, іске қосуға 100 миллион теңгеден   астам қаржы жұмсаған. Барлық қондырғы жаңадан сатып алынған. Өнімге қазірдің өзінде сұраныс бар екен. Бірнеше шетелдік компания тапсырыс беріп үлгерген. Басшылық өнімдерінің бағасы ресейліктердікінен бірнеше есе төмен болатындығын айтып отыр.
 


Фото: автордан
Загрузка...