Бас жаңалықтар
Мемлекет басшысы: Атыраудағы балық шаруашылығын қайта жаңғырту қажет
04 Маусым 2019, 14:02 600

Мемлекет басшысы: Атыраудағы балық шаруашылығын қайта жаңғырту қажет

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қаладағы Сұлтан Палас қонақ үйінде жүздесті. Жиында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселені атап өтті. 


Президент алдымен отандық бизнестің әлеуетін көтеруге тоқталды. Жергілікті компаниялардың жұмысына кедерділер бар екенін айтты. Сондықтан Үкіметке бірнеше тапсырма берді.

«Үкіметке төмендегі шараларда қарастыруды тапсырамын. Біз Қашаған жобасы бойынша қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны 20 млн доллардан асатын сатып алу жұмыстарына ғана келісім береміз, сөйте тұра қазақстандық компаниялардың басым бөлігі бұл межеден төмен жұмыс істейді, ал ТШО-да мұндай мүлде қойылмаған. Үкіметке консорциумдармен тиісті жұмыс істеуді тапсырамын», - деді ҚР президенті.

Мемлекет басшысының сөзінше, жұмыс берушілердің 70%-ы кәсіптік білім беретін колледждердің беретін біліміне көңілі толмайды екен. Сондықтан кәсіби кадрлар даярлау үшін колледждерде біліктілік орталықтарын құру керек деді. 

«Шетелдік пен отандық жұмысшының еңбекақысы бірдей болуы шарт. Білікті мамандарды еш алаламай, лайықты жалақысын төлеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атырауда балық шаруашылығының қазіргі ахуалы көңіл көтермейді деген Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік пен Атырау облысы әкіміне аймақта ауыл шаруашылығын жаңғыртуды тапсырды.

 «Атырау кеше ғана әлемдегі балық шаруашылғы орталығы ретінде аты шықты емес пе?! Ал қазіргі ахуал қандай? Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар жыл өткен сайын азайып барады. 2012 жылы бекіре аулауға тыйым салдық, соған қарамастан бекіре 2 есеге, шоқыр 7 есеге азайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік бұл мәселеге басты назар аударып, Атыраудағы балық шаруашылығын қайта жаңғырту қажет. Бұл салаға инвесторларды тарту қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент мұнайлы өлкедегі экологиялық ахуалды да айтып өтті. Жыл сайын арнасы артылып бара жатқан Жайықтың жайына тоқталды. Су қорын молайту, қалыпқа келтіру үшін ресейлік мамандармен тығыз қарым-қатынас жасалу тиіс екенін айтты. Бұл мәселенің шешімін таппауы дұрыс бақылаудың жоқтығынан екенін, сондықтан бұл жұмысқа өзі кірісетінін қадап айтты.

«Биыл Жайық өзеніндегі балықтардың хлорға уланып, жаппай қырылуы бүкіл елді алаңдатты. Соның салдарынан 118 тоннадай балық қырылды, оның 108-і бекіре тұқымдас балықтар. Біздің балық зауыттарымыз 60%-дық қуатымен істе тұрғанын ескерсек, бұл үлкен шығын. Мен бұл жағдайды тікелей бақылауға алдым. Қазір тергеу аяқталды. Апатқа кім кінәлі екені белгілі. Олар лайықты жазасын алады. Біз бұдан сабақ алуымыз керек», - деді ҚР президенті.

Халықты таза ауамен қамту да басты жоспарда екен. Мемлекет басшысы қала сыртындағы Сасықсайға арнайы барып көргенін айтты. Сондықтан қалдық суларды тазалау станциясының жұмыстары бақылауға алынған. Сондай-ақ, облыста 2 мың шақырымнан астам автокөлік жолы бар, бірақ оның тең жартысына жуығы нашар, сын көтермейді. Солардың бірі Атырау-Астрахань жолының жұмысын жеделдетуге қосымша 65 млрд теңге бөлінген.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атыраулық бірқатар сала маманын алғыс хаттармен марапаттады.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...