Бас жаңалықтар
Қазақи пендешілікке салып, атаулы көмекті заңсыз алғандар әшкереленді – министр
07 Қазан 2019, 14:09 489

Қазақи пендешілікке салып, атаулы көмекті заңсыз алғандар әшкереленді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады және кімдерге беріледі? Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне арнайы келген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді.

«2018 жылы аз қамтылған жанұя қатарына кіру үшін оның орташа жан басына шаққан табысы төменгі күнкөрістің 50%-ынан төмен болған жағдайда әр адамға сол өзінің жеке табысы мен күнкөрістің 50% арасындағы айырмашылығы төленетін. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тәртіп өзгерді. Қазір ол өлшемшарт аз қамтылған жанұяның қатарына жату үшін ең төменгі күнкөрістің 50%-ы емес, 70%-ына дейін көтерілді. Кәмелет жасына толмаған балаларға нақты мөлшерде 20 789 теңгеден төленетін болды. Биылғы жылдың 9 айында елімізде 417 мың отбасыға немесе 2 млн 138 мың адамға осы әлеуметтік көмек тағайындалды. Орта есеппен АӘК айына бір жанұяға 88-90 мың теңгені құрап отыр. Ең үлкен мөлшерде тағайындалған атаулы көмек – 455 мың теңге. Осы жылы АӘК-ке 206 млрд теңге қарастырылған», - деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, бұл жағдайы шынымен төмен отбасылар үшін орасан зор көмек болды. Дегенмен, шынайы табыстарын жасырып АӘК-ті теріс пайдаланған фактілер орын алған. 

«Біреуі білместіктен қателесті, біреуі қазақи пендешілікке салып, «мемлекет тегін беріп жатыр, неғып алмасқа» деп жасады. Алайда, бұның бәрі заң бұзушылыққа алып келді. 73 мыңнан астам жанұя өздерінің шынайы табыстарын жасырып, заңсыз алуға қол жеткізген. Тексеріс жүргізудің нәтижесінде 9 мың адамға тағайындалған көмек тоқтатылды. 38 мың адамның атаулы көмегі қайтып есептелді», - дейді ол.

Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған, жағдайы төмен азаматтарға беріледі. Яғни, ақшалай түрде.

«Мемлекет осындай көмекке мұқтаж, табысы төмен азаматтарға көмектесуге міндетті. Сондықтан да осы әлеуметтік саясат жалғасатын болады. Бір нәрсені ескертіп кеткім келеді, атаулы әлеуметтік көмек еліміздегі жалғыз әлеуметтік төлем емес. Ана мен балаға қатысты кеміне жәрдемақылардың он түрі бар. Соған жылына 470 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы, біздің министрліктің бюджетінен 3 трлн 53 млрд теңге жыл сайын зейнетақы, жәрдемақы түрінде 4 миллионнан астам адамға беріліп отыр», - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда өзекті және маңызды мәселелердің бірі – бұл мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атаулы әлеуметтік көмектің төлем механизмдерін түзетуді тапсырған болатын.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...