"Астана Опера" музыканттары Ресейде өнер көрсетті

12 Қараша 2019, 19:09
2131
Бөлісу:
"Астана Опера" музыканттары Ресейде өнер көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Астана Опера" дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, солист Бағдат Әбілханов Ресейдің үлкен театрының Бетховен залы сахнасында өнер көрсетті.

Танымал қазақстандық музыканттар "Видеть музыку" төртінші музыкалық театр фестивалінің жабылу гала-концерті мен музыкалық театрдың атақты қайраткерлеріне "Легенда" сыйлығын салтанатты табыс ету рәсіміне қатысты. Сондай-ақ , кеште Ресейдің ең басты опера сахнасында осы елдегі музыкалық театрлардың әртістері мен жақын шетелден келген Музыкалық театр қауымдастығы мүшелері өнер көрсетті.

Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балаларға арналған музыкалық театрдың симфониялық оркестрімен бірге Абзал Мұхитдин мен Бағдат Әбілханов атақты аспаптық шығармалар – Ж.Массненің "Таис" операсынан "Медитация" және А.Вивальдидің "Жыл мезгілдері" топтамасынан "Жаз" оркестр мен скрипкаға арналған №2 концертінен, "Найзағайды" орындады.

Осынау айтулы сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі қуаныш. Шақырту үшін фестиваль ұйымдастырушысына шексіз алғысымызды білдіреміз, сонымен қатар ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қабыл алған ресейлік тыңдарманға рақметімізді айтамыз, - деп атап өтті Абзал Мұхитдин.
Талғампаз мәскеулік тыңдарман танымал классикалық туындылардың шеберлігін жоғары бағалады. 

Өзгелердің жаңалығы