Астана LRT ісі бойынша елорда әкімдігінің 5 басшысы жауапқа тартылуда

13 Желтоқсан 2019, 15:04
6567
Бөлісу:
Астана LRT ісі бойынша елорда әкімдігінің 5 басшысы жауапқа тартылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов хабарлады. 

Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілінің мәліметі бойынша, елордадағы LRT құрылысы барысында "қаржы ұрлады" деген дерек бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталуға жақын.

Тергеу барысында елорда әкімдігі, Астана LRT-ның лауазымды тұлғалары және жеке компаниялардың директорлары қатысты болған қаржы ұрлау жүйесі анықтады. Қылмыстық жүйені Астана қаласы әкімінің орынбасары К.Сұлтанбеков және Астана LRT басшысы Т.Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырған. Аталған тұлғалар әкімдік басқармаларының басшылары Р.Аманжолов және Ж.Нұрпейісовтың қатысуымен шығындарды 24 млрд теңге деп бекіткен. Бұл қаржыға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, кеңесшілік қызметтерді көрсету және техникалық бақылау шығындары кірген, - деді Сергей Перов. 
Агенттік өкілінің сөзінше, мердігерлік ұйымның директорлары басқа компаниялармен жалған келісімшарттар жасап, бағаларды артық көрсетіп, қаржыны жалған кәсіпорындар арқылы алып отырған. 
Нәтижесінде мемлекетке 5 млрд теңгеден артық соммаға шығын келтірілді. Іс бойынша әкімдіктің 5 лауазымды тұлғасы (басшылық құрамынан) және мердігер ұйымдардың 6 басшысы жауапқа тартылуда. Олардың ішінде 5 күдікті ұсталған, 3 адам халықаралық іздеуге берілген, - дейді агеттік өкілі. 
Сергей Перовтың айтуынша, LRT желісінің қорытынды кезеңі және Астана банкіндегі қаражат туралы нақты мәлімет үшін Ұлттық банк пен құрылыс сараптамасының қорытындысын күту қажет.
Өзгелердің жаңалығы