Елордада əскери қызметшілер донорлық қан қорын толықтырды

2 Сәуір 2020, 18:02
1652
Бөлісу:
Елордада əскери қызметшілер донорлық қан қорын толықтырды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақмола гарнизонының 100-ден астам әскери қызметшісі донорлық қан тапсырды. 

Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері елордалық қан орталығының үндеуін қолдап, қорларды толықтыруға көмек көрсетті. 

Əскери қызметшілер қан тапсыру алдында барлығы қажетті тексеруден өтіп, қан тобын анықтауға талдау жасалды. Донорлық акция барысында әскери қызметшілер жалпы алғанда 45 литрге жуық қан тапсырды.

Бүгін мен және менің қарулас қызметтестерім қан тапсырды. Біздің еліміз осындай жағдайда болғанда, біз жай ғана шетте қалмауымыз керек. Донорлық қанға деген қажеттілік әрқашан, әсіресе дəл осындай уақытта керектігін барлығымыз білеміз. Мүмкін менің қаным біреуді құтқарады. Мен осылай қолдан келгенше көмектескеніме қуаныштымын. Біздің әскеріміз бен халқымыз әрдайым біртұтас екендігін айтқым келеді, - деді 55765 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Азат Жарқымбай.
4.jpg

Нұр-Сұлтандағы карантин режиміне байланысты, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және қан қорының қысқаруына жол бермеу үшін қалалық қан орталығы донорларды үйден арнайы көлікпен алуға дайын екендіктерін айтты.

Біз карантиндік режимнен қорықпай донорларды шақырдық, қан қорын толтыру үшін барлық донорларды қамтуға тырыстық. Бірінші кезекте Қорғаныс министрлігі шақыртылды. Бүгін бізде 100 – ден астам әскери қызметші қатысқан акция өткізілді, - деді донорлық жиын бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Көпеева.

Әскери қызметшілер - тұрақты донорлар. Арнайы акциялар аясында офицерлер мен сержанттар үнемі қан тапсырады. Ол онкологиялық науқастарға, босанатындар мен түрлі жарақат алған адамдарға көмек көрсету үшін қажет, сондықтан донорлық қорды үнемі толықтыру қажет.

Өзгелердің жаңалығы