Әшімбаев депутаттарға: Елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай еңбек етейік 

13 Қаңтар 2022, 10:50
1178
Бөлісу:
Әшімбаев депутаттарға: Елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай еңбек етейік 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Палата спикері Мәулен Әшімбаев айтты.

Қазір еліміз бойынша жағдай тұрақталды. Мемлекет басшысы айтқандай, енді біз осы оқиғадан қорытынды шығарып, сабақ алуымыз керек. Осыған орай, Президентіміз 11 қаңтар күні Мәжіліс отырысында бағдарламалық сөз сөйлеп, еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді, - деді ол.

Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы Үкіметтің жаңа құрамына және барлық мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктеді. 

Жалпы болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Президент атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылуға тиіс. Күштік құрылымдарды реформалау және армияның әскери әлеуетін арттыру мәселесі де өте өзекті. Сондай-ақ әлеуметтік теңсіздікті және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтудың маңызы зор. Президент ұсынған шаралар жүйелі сипатқа ие. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы кешенді өзгертуге арналған, - деп толықтырды Сенат спикері.

Сонымен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Осылайша еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл – тұтас мемлекеттік басқару жүйесін меритократия, әділеттілік және ашықтық қағидаларының негізінде қайта құру кезеңі.

Осы жолда Парламент Сенаты Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдай отырып, олардың заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруға тиіс. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазір халық бізден нақты жұмыс пен нәтиже күтіп отыр. Сондықтан елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай еңбек етейік. Осы жолда бәріміз белсенділік танытып, Президент айтқандай, жаңа Қазақстанды бірге құрайық, - деп сөзін түйіндеді Мәулен Әшімбаев Сенатта.

 

Өзгелердің жаңалығы