Ақтөбеде орман өртінен қауіп бар ма

26 Сәуір 2024, 20:11
336
Бөлісу:
Ақтөбеде орман өртінен қауіп бар ма
Фото: автордан

Ақтөбе облысында биыл бір орман өрті және аумағы 3 гектарға жететін екі дала өрті тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов айтып берді.

Былтыр облыс аумағында жалпы саны 126 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл үш өрт оқиғасы болып отыр. Қуаныштысы, зардап шеккен азаматтар жоқ. Былтыр орман өрттерінен 4 адам жарақат алып, үш адам көз жұмған. Қазір осындай қайғылы оқиғалар қайталанбауы үшін департамент тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында өңірімізде 697 техника, 15 арнайы техника, 97 өрт техникасы, 5 өрт сөндіру пойызы әзірленді. Бұдан бөлек, құрамында екі мың адамы бар 321 ерікті топ, 142 ерікті өртке қарсы құрылым, 7 орман өрт бекеті жұмыс істеп тұр, — дейді Жаңабергенов.

Оның айтуынша, қазір облыста 65 өрт сөндіру бекеті бар. Олар 180 елді мекенді өрттен қорғайды. Бұл елді мекендерде 105 мыңнан астам тұрғын тұрады.

Сондай-ақ департамент мамандары қазір қалада қоқыс жаққан тұрғындарды тексеріп, айыппұл салып жатыр.

Ақтөбе орман шаруа­шылығының орманшысы Айсұлтан Аманжолдың айтуынша, орман өртінің алдын алу үшін қазір шаруашылық аумағын тексеру, тұрғындарды далалықта от жағудан сақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қазір жер-жерде орман өрті тіркеліп жатыр. Жаз шықса біз орман шаруашылығына қарасты жерлерді шолып, қауіпсіздік жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде орманды қоқыстан тазартып қана қоймай, тұрғындарды өрт оқиғаларынан сақтандырып, қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырып жатырмыз. Себебі қате аяқ астында, кішкентай ғана тұтанған от үлкен өрт оқиғасына әкелуі мүмкін, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы