Аса күрделі жағдайда ғалымдар мен профессорлар жамбылдық дәрігерлерге онлайн-кеңес береді

28 Қазан 2020, 10:39
1582
Бөлісу:
Аса күрделі жағдайда ғалымдар мен профессорлар жамбылдық дәрігерлерге онлайн-кеңес береді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тура сол бастапқыдай, «Коронавирустың екінші толқыны деген бос сөз» деп сақтық шараларын қаперден шығарып, еркінсіп кеткен сияқтымыз. Ал мамандар елде біраз уақыт қатер сейілгендей көрінгенімен, әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың алаңдатарлықтай жағдайда екенін айтады.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев COVID-19 инфекциясының кезекті жаңа толқынының басталуы мүмкін деген қауіп барын, сондықтан жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Өңірдің бас дәрігерімен сұхбатта екінші толқынға әзірлік шаралары қанша бағытты қамтитынын, тұрғындар індетті екінші рет жұқтырса қандай асқынулар болатынын, ауруханалар мен амбулаториялардың, емханалардың дәрі-дәрмекпен қамтылу деңгейін қозғадық. 

– Әсет Әскерұлы, қамсыздық қапы қалдырады. Сондықтан коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық шаралары қалай жүруде? 

Күз айларында ауарайы құбылмалы келетіні белгілі. Бұл жедел респираторлы вирустық инфекцияның өршуіне себеп болуы мүмкін. Індеттің жаңа толқыны тұмау кезеңімен сәйкес келсе, елдегі эпидемиологиялық ахуал күрделене түседі. Егер екі ауру қатар өршісе, біріншіден, сырқаттардың саны күрт өсіп, екіншіден ауыр жағдайдағы науқастар көбеюі мүмкін. Сондықтан біз қазір мейлінше азаматтарды көбірек тұмауға қарсы вакцинациямен қамтуға тырысып жатырмыз. Жыл сайын осы кезеңде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша өңір тұрғындарының 10 пайызының екпе алуына мүмкіндік жасайтынбыз. Ал биыл 40 пайызына екпе салғызып, тұмаураттырмай, иммунитеттерін күшейтуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде 25 пайыздық межеге қол жеткіздік. 15 қарашаға дейін қалғаны қамтылады.   

Негізінен созылмалы сырқаты бар және қант диабетімен ауыратын жандар, қарттар, аяғы ауыр әйелдер, балалар екпе алғаны жөн. Сонда біз тұмаудың өршуінің әрі КВИ жұқтырған жағдайда науқастардың денсаулығының күрт нашарлап кетуінің алдын аламыз. Әрине, бұл ретте жұрттың сақтық шараларын қатаң ұстауы аса маңызды. Денсаулық сақтау саласы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде әрдайым БАҚ-тың көмегіне жүгінетіні де содан.
Бұл – коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық шараларының бірінші бағыты. 

– Сенімсіздік пен түрлі дақпырттың адамды адастыратынын көрдік. Сөйте тұра жұрт COVID-19 инфекциясының ықтимал екінші толқыны болатынына сенбейді. Мүмкін барлық мәселе осы «ықтимал» деген сөзде тұрған шығар? 

Қазір көршілес мемлекеттерде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Ресейде коронавирустық инфекцияның, аурушаңдықтың өскені байқалады. Біздің елдің көршілермен байланысы бар. Ауру жұқтырғандар келіп жатыр. Сондықтан қазір, ең бастысы шекаралық бақылауды күшейту керек. Бақылау-қадағалау болғанда вирусты кең көлемде таратпауға мүмкіндік бар. «Ықтимал» деген сөзді екінші толқынға қосып айтудың бір себебі сол. Бірақ, жұрт сақтық шараларын ұмытты. Көпшілік бетперде тақпай, әлеуметтік арақашықтықты сақтамаса, індет қайта өршіп кетеді.   

Қазір шекарадан өткен адамдардан ПТР сараптамасын алып, екі күнге карантинге жатқызамыз. Тексеру нәтижесінде ауру анықталса, науқастың деңгейіне қарай үй жағдайында емделеді немесе стационарлы ем алады. Жамбыл облысында үш карантиндік стационар іске қосылған. Олар – Қордай ауданында, Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылында және Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылында. Бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

– Әсет Әскерұлы, көктемдегі тәжірибе көпшілік карантиндік стационарларда немесе үйде оқшаулау шараларын сақтай бермейтінін көрсетті. Мұндай жағдайда ауру өршіп кетсе, оған өңірдің емдеу мекемелері дайын ба? 

Ауру көбейсе, облыстағы емдеу мекемелеріндегі төсек-орындар санын арттыру қажеттілігі туындайды. Екінші бағыттағы әзірлік шаралары аясында қосымша 2530 кереует дайындап жатырмыз. Оның ішінде 253-і – реанимациялық орын. Қазір жансақтау бөліміндегі әрбір төсек-орын оттегімен жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етілген.   

Жалпы әрбір облыс орталығында қосымша 250 орындық модульдік аурухана салу туралы тапсырма берілген. Біз оның орнына екі бос тұрған емдеу мекемесін жергілікті бюджет есебінен модернизация жасау арқылы бұл міндеттің үдесінен шықтық. Оның біреуі – Т.Рысқұлов ауданындағы бұрынғы туберкулез ауруларын емдейтін аурухана, екіншісі – Тараз қалалық перинатальдық орталығы. Оларға толық дайындық жұмыстары жүргізіліп, инфекциялық стационарларға ауыстырылды. Егер аурушаңдық деңгейі өссе, осы екі мекеме науқастарды қабылдап, тиісті емдеу шараларын жүргізеді. 

Жаңа емдеу мекемелерін іске қосқан соң біз тағы 3 компьютерлік тамография, 4 рентген, 2 экстрокорпоралды мембранды оксигенация жасайтын аппарат секілді барлық керекті құрал-жабдықтарды жергілікті қазынадан қаржы бөліп, сатып алдық. Жалпы материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Барлық тапсырыс әкелінді, соны ауруханаларға жеткізіп, ертерек пайдалануға беруге дайындап жатырмыз. 

 – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде кейбір аудандар коронавирустық инфекцияны емдеуге қажетті дәрі-дәрмекке тапсырыс бермегені айтылған еді. Қазіргі ахуал қалай?   

Рас, қажетті көлемде тапсырыс бермеген аудандар болды. Олар – Байзақ пен Меркі аудандарындағы ауруханалар. Қажетті қорды жасақтау үшін «СҚ Формация» бірыңғай дестрибьютері арқылы қайта тапсырыс беріліп, келісім-шарт жасалды. Қараша айының басында тапсырыс жеткізілетін болады. Бұл олқылық дұрыс есептемеудің салдарынан орын алып отыр.   

Жалпы дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі – коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындықтың маңызды сатысы екені түсінікті. Сондықтан біз емдеу хаттамаларына сәйкес вирусты емдеу және індеттен кейінгі асқынулардан болатын ауруларға қарсы нақтыланған 81 түрлі дәрілік заттарға тапсырыс бердік. Әрбір емдеу мекемесінде, яғни, стационарлар мен амбулаторлық ұйымдарда қосымша қорды жасақтадық. Қазір антибиотиктер, антикоагулянттардың екі айлық қоры бар. Әлі де қосымша алып жатырмыз. Бұл – Бірыңғай дистрибьютор арқылы қамтамасыз етілген дәрі-дәрмектер. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорынан 730 миллион теңге қаржы бөліп, осы қажетті дәрілерді қосымша сатып алдық. 

– Індет өршіген кезде маман тапшылығы айқын сезілгені жасырын емес. Аурушаңдық қайта өссе, дәрігерлер артық жүктемемен жұмыс істеуге дайын ба? Әлде қосымша кадрлар даярланды ма? 

Мамандардың резервін жасау – басты назарда. Дұрыс айтасыз, төсек-орын дайындап, дәрі-дәрмек қорын жасақтағанымен, жұмыс істейтін мамандар керек. Диагноз қойып, ем-шараларын тағайындайтын дәрігер ғой. Сондықтан біз 4260 медицина қызметкерін даярлап жатырмыз. Оған қосымша жекеменшік емдеу мекемелерінен 130 дәрігердің тізімін әзірлеп қойдық. Сонымен қатар, дәрігер көмегін қолжетімді ету үшін қыркүйек айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожинмен меморандум жасасқан болатын. Келісім аясында коронавирустық инфекциямен күресте университет мамандарына өңірдегі емдеу мекемелеріне көмектесу жүктелген. Соған сәйкес олар бізге 150 дәрігер бөлуді өз міндеттеріне алды. Біз оларды да резервке алдық. Қажеттілік туындап жатса, университеттен кадрларды тартатын боламыз.   

Тағы бір айта кететіні, аса күрделі жағдайда оқу орнының ғалымдары, профессорлары онлайн байланыс арқылы жамбылдық дәрігерлерге кеңес беріп отырады. Ал егер жедел-жәрдемге жүктеме көбейсе, олар арнайы желі арқылы байланысқа шығуға да дайын. 

– Әсет Әскерұлы, өткен аптада жаңа жедел жәрдем көліктері пайдалануға берілді. Енді шақыртуларға кешігіп бару жағдайлары азаятын шығар? 

Науқаспен ең бірінші кездесетін – жедел жәрдем қызметкерлері. Сол үшін дер кезінде көмек көрсету үшін бригаданы қажетті құрылғылармен жабдықтау аса маңызды. Жалпы, Жамбыл облысы бойынша 93 бригада бар. 65 санитарлық автотранспортты сатып алуды жоспарлағанбыз. Соның алғашқылары келіп, 18-ін жедел жәрдем бекетінің балансына пайдалануға бердік. Бір айта кететіні, бұл көліктерде шұғыл жәрдем көрсетуге толық жағдай жасалған. 

ИВЛ аппараты, монитор, дефибрилля́тор тағы басқа керекті құрылғылармен жабдықталған. Оған қосымша біз жылжымалы кешен сатып алдық. Осы кешендер алдағы апталарда аудандарды аралап, тұрғындарға медициналық көмек көрсететін болады. 

Шалғай ауылдардың тұрғындарына толыққанды медициналық көмек көрсетуде жылжымалы кешендердің көмегі көп. Әсіресе, коронавирустық инфекция кезеңінде автоамбулаториялар жұмысы аса маңызды болып тұр. Келесі аптада осы кешен құрамында С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің мамандары ауылдарды аралайды. Өткен жолы олар барлық тұрғындарды қабылдап, кеңес берсе, бұл жолы негізінен балалар дәрігерлері келеді. 

- Өңір басшысы барлық емдеу мекемелеріндегі дәрі-дәрмек қорын бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Мониторингтік топтар қандай жұмыстар жүргізді? 

Жамбыл облыстық әкімдікте мониторингтік топ құрылған. Олар тек қана емдеу мекемелерін аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Негізінен дәрі-дәрмек қоры, ауруханалардағы санитарлық жағдай зерделеніп отырады. Жалпы санитарлық талаптарды сақтауда алдымен, медициналық ұйымдар басқаларға үлгі болуы тиіс. Тепловизордың болуы, санитайзерлердің жұмыс істеп тұруы, емханаларда арнайы сүзгі бөлмелерін ашу секілді мәселелер үнемі бақылауда.   

Жалпы 12 тамызда облыс әкімі «Пандемияның 2-толқыны кезінде аймақ тұрғындары арасында COVID-19-дың одан әрі таралуын алдын алу үшін қызметтер мен ведомстволардың іс-әрекеті туралы стратегиялық жоспарын» бекіткен. Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жағдай бойынша облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық блогында 250 инфекциялық, оның 25-і реанимациялық төсек қоры жасақталды. 

Қазіргі таңда Жамбыл облысында COVID-19 инфекциясына полимеразды тізбекті реакция (ПТР) жүргізу арқылы тестілеу 7 зертханада өткізіледі. Жалпы облыс бойынша тәуліктік қуаттылық 1340-ты құрап отыр. 

Ал созылмалы аурулары бар науқастарды, егде жастағы адамдарды қашықтықтан динамикалық бақылауды ұйымдастыру мақсатында барлық МСАК ұйымдарында Call орталықтары ашылған. 

Негізі, инфекциядан сақтану үшін әлеуметтік арақашықты сақтау және санитарлық талаптарды орындаудың аса маңызды. Бұл жерде мәселе бір қабат бетперде неден сақтайды деген немқұрайлылықта жатыр. Сақтанбаса, ағзаға вирус көп мөлшерде түсіп, науқас індетті ауыр өткереді, аз мөлшері түссе, ауру жеңіл түрде өтеді. Бұл – дәлелденген тұжырым. Алайда қауіпті індеттің адамның өміріне, дендерінің саулығына қауіпті екендігін толық сезінбей, карантин режімінің талаптарын орындамай, селқос, бейжай қарап, енжарлық танытып жүрген замандастырымыз баршылық. Олар өз денсаулықтарына ғана қауіп төндіріп қоймай, отбасыларына, еңбек етіп жүрген ұжымындағы әріптестеріне, тіпті жақын адамдарына, туған-туыстарына бұл жұқпалы дертті жұқтыруы әбден мүмкін. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы