Бас жаңалықтар
Арыста өрт толық сөндірілді
26 Маусым 2019, 22:45 579

Арыста өрт толық сөндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысында құрылған жедел штабта Арыстағы төтенше жағдайдан кейінгі атқарылған жұмыстар және қаланың қазіргі жай-күйі жөнінде баспасөз мәслихаты өткізілді. Өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиында ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев Арыс қаласында өрт сөндірілгенін мәлімдеді.

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Біздің сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», – деді ол.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қауіп бұлты сейілгенін, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

«Кейбір ақпарат құралдарында адамдар із-түссіз жоғалды деген ақпарат тарады. Бұл негізсіз екенін мәлімдеймін. Бастапқыда көшу барысында тұрғындар бір-біріне хабарласа алмай, қиындықтар кездескен болатын. Қазір ол мәселе шешіліп, туыстар да, балалар да табылып жатыр. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі ірі жарылыс болатыны, суқоймалардан су жіберілетіні туралы қауесеттер де жалған. Қазіргі таңда облыстағы суқоймалар тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және ол жұмыс режимін өзгерту туралы жоспар жоқ. Сондықтан ресми расталған деректерге ғана сенулеріңізді сұранамыз», – деді ол.

Ал еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Арыс қаласында радиация жоқ екенін айтты.

«Ең бірінші біздің мамандар Арыс қаласында дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланады. Қаладағы ауызсу жүйесі қатаң қадағаланады. Су құрамы, құбырлар тексеріледі. Эвакуациялық орындарда да мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты», – деді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында ветеринар мамандар Арыстағы үй ауласында қалған төрт түлік бойынша жұмыс жүргізетіні айтылды. Өлген мал залалсыздандырылып, заңға сәйкес өтемақы беру жолдары қарастырылады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы үш күнде эвакуациялық қабылдау орталықтарының жұмысы күшейтіліп, гуманитарлық көмек беру шарасы жалғасатынына тоқталды. Осы игі іске атсалысып жүрген барша азаматтарға алғысын айта келе Арыс қаласындағы нысандар қалпына келтіріліп, тұрғындардың жағдайы жасалатынын жеткізді.


Загрузка...

Сізден жаңалық