Қараша айының үздік спортшысына дауыс беру басталды

3 Желтоқсан 2019, 08:15
6711
Бөлісу:
Қараша айының үздік спортшысына дауыс беру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әр ай сайын ел спортшылары әлемдік аренада сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан байрағын ірі жарыстарда көкке көтерді. Олимпиада қарсаңындағы қарбаласқа толы маусымда спортшылар иеленген әрбір жүлденің бағасы биік. Olympic.kz әдеттегі дәстүр бойынша жанкүйерлерді қараша айының үздік спортшысына дауыс беруге шақырады. 

Өткен айда отандық спортшылар бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Біз #TEAMKZ-тің ең үздік бес өкілін назарларыңызға ұсынамыз. 

Сәрсенкүл Рысбекова, стенд ату

Стенд атудан Дохада (Катар) өткен лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық Сәрсенкүл Рысбекова команда сапынан жалғыз жолдаманы еншіледі. Сондай-ақ, ол құрлық додасының күміс медаліне қол жеткізді. Іріктеу турнирінің ережесіне сәйкес, Олимпиада ойындарына үздік үштікке ілінген спортшылар ғана жолдама алады.

Абзал Әжіғалиев, шорт-трек

Қараша айында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен жаңа маусым шымылдығы түрілді. Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде қазақстандық Абзал Әжіғалиев 500 метрге жарысудан қола жүлдегер атанды. Ол аталған қашықтықты 39.881 секундта жүгіріп өтіп, ел рекордын жаңартқанын да айта кету керек. 

Стенд атудан Қазақстан әйелдер командасы

Дохада өткен Азия чемпионатында стенд атудан Қазақстанның әйелдер құрамасы еліміздің Әнұранын шырқатты. Қазақстан әйелдер құрамасы "траптан" командалық жарыста чемпион атанды. Команда сапында Сәрсенкүл Рысбекова, Анастасия Давыдова және Мария Дмитриенко сынға түскен. 

Жанбота Алдабергенова, фристайл - акробатика

Финляндияның Рука қаласында шаңғы акробатикасынан Еуропа кубогінің алғашқы кезеңі аяқталды. Аталған сында қазақстандық Жанбота Алдабергенова екі медальмен көзге түсті. Ол жекелей сында күміс жүлдегер атанса, синхронды секіруден алтын жүлдені еншіледі. 

Адлан Асқаров, еркін күрес 

28 қазан мен 1 қараша аралығында Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Аталған сында қазақстандық еркін күрес шебері Адлан Асқаров күміс жүлдегер атанды. Ол 57 келіге дейінгі салмақта финалға дейін сүрінбей, алтын үшін өткен белдесуде кубалық Рейнери Ортегаға есе жіберді. 

Үздіктерге дауыс беру 9 желтоқсан күні 13.00-де аяқталады. Ал қараша айының үздік спортшысына Olympic.kz сайтының басты бетінде дауыс бере аласыздар.   

 

Өзгелердің жаңалығы