Қарағандылық талантты жас әнші Еуропадағы өнер фестиваліне барады

14 Ақпан 2019, 19:12
4000
Бөлісу:
Қарағандылық талантты жас әнші Еуропадағы өнер фестиваліне барады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауының «Дәстүрлі ән» аталымында 5-сынып оқушысы, қарағандылық Бақтияр Сейфолла бас жүлдені иеленді. Енді талантты жас Еуропадағы өнер фестиваліне аттанып, қазақ әнін әуелетуіне мүмкіндігі бар. Бірақ Бақтияр мен оның ұстазы Еуропаға баратын жолақысын, тұратын жердің және тағы басқа да шығындарды өздері көтерулері қажет. Шетел сахнасында қазақ әнін шырқайтын жас әнші демеушілердің көмегіне зәру.

Қарағандылық талантты жас әнші Еуропадағы өнер фестиваліне барады

Бүгінгі жаһандану заманында өзге елдің әнін тыңдап, шетел музыкасына елітетін жастардың арасында қазақтың дәстүрлі ән өнеріне қызығушылық танытып, дәріптеп жүрген бүлдіршіндер де бар. Соның бірі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы Бақтияр Сейфолла. Аудандық Күләш Бәйсейтова атындағы орта мектептің 5-сыныбында оқитын Бақтияр «Атадан-мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық байқауда оза шауып, дара шықты. Еліміз бойынша 50-ден аса үміткер қатысқан байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлаған талантты жас «кәрі құрлықтың» Франция, Италия, Венгрия, Испания елдерінде өтетін өнер фестивальдерінің біріне қатыса алады. Дегенменде, ауылдан шыққан қазақтың қара домалағы Еуропадағы өнер фестиваліне бару үшін қаржылық көмекке зәру.

«Ақтоғайдың киелі топырағында дүниеге келген Әсет Найманбаевты, Шашубай Қошқарбайұлын, Манарбек Ержановты және жеке ұстазым Саттар Сәрсенқұловты, сондай-ақ дәстүрлі әннің дүлдүлі Дәуренбек Әркеновті өзіме үлгі тұтамын. Өскенде дәстүрлі музыканың оқуын оқығым келеді. Аттары аталған аталарым мен ағаларым секілді үлкен әнші болуды армандаймын. Қазақтың төл өнерін, дәстүрлі әндерін әлемдің барлық елінде айтқым келеді. Қазірдің өзінде Еуропаға жолдама алдым. Бірақ шетел сахнасында қазақтың асқақ әндерін әуелету үшін бізге қазір демеушілер керек. Ұлтжанды, өнерге жанашыр ағаларыма сенемін», – дейді ұстаз үмітін ақтап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, топ жарған Бақтияр Сейфолла.

Бақтиярдың Ақтоғайдағы Өнер мектебінде тәлім алып жүргеніне небәрі 1,5 жылдың жүзі болған. Осы қысқа мерзімде дарынды жас домбыра тарту және дәстүрлі әндерді орындау бойынша сабақ алып, оншақты әнді үйреніп үлгерген. Олардың қатарында халық әндері «Еркем-ай», «Қоғалай», «Қалқа», Кенен Әзірбаевтың «Бастау», Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта», Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер», Нұрғиса Тілендиевтің «Құттықтаймын мама», Алтынбек Қоразбаевтың «Әженің әлдиі», «Кеш жарық», «Аруана» әндері бар.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жолдаманы қанжығасына байлаған Бақтияр үстіміздегі жылдың наурызынан шілдеге дейінгі аралықта Еуропа құрлығының бірнеше қаласында өтетін фестивальдердің біріне өз таңдауымен аттануға мүмкіндігі бар. «Атадан-мұра» қоғамдық қоры жолдаманың бір бөлігін төлейтін болса, қалған қаражат жеңімпаздың қалтасынан шығуы қажет.

«Бақтияр – қаршадай болғанымен үлкен талант иесі. Оның болашағы зор. Біздің ұстаз ретіндегі міндетіміз – ел арасындағы осындай жас дарындарды іздеп тауып, білгенімізді үйретіп, халықтың алдына шығару, үлкен байқауларға қатыстыру. «Ұлы дала ұрпағы» байқауы өнерлі балалардың қанатын кеңірек қағуға таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Бірақ Еуропаға баратын жол қаражатын, тұратын жердің және тағы басқа шығындарды біз өзіміз көтеруіміз керек. Ауылда қарапайым мұғалім болып істейтін бізге қаржылық жағы шынымен қолбайлау. Біз қолдан келгенімізді жасадық. Жеткізетін жеріне дейін жеткіздік. Енді республиканың, облыстың құзырлы мекемелеріне, ел ағаларына, атымтай жомарт азаматтарға сенім артамыз», – дейді ұстазы Саттар Сәрсенқұлов.

Бақтиярға әншілік өнер негізі нағашы жақтан дарыған. Жасы 84-тен асқан нағашы атасы Нұрғазы Әбдуалиев домбырамен ән салады. Ал нағашы апасы Жансая – өнер адамы. Тумысынан берілген осы дарынның талабын қазір ұстазы Саттар Сәрсенқұлов ұштап, үлкен шыңдарды бағындыруға жетелеп жүр. Еуропаға барып, өнер фестивалінде қазақ әндерін шырқауға берілген мүмкіндікті Бақтиярды баптап, қабілетін ұштап жүрген ұстазы да құр жібергісі келмейді.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығымен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қатарынан оза шауып, қазақ елін, қазақ мәдениетін әлемге паш етсем деп армандайтын Бақтиярдың талабын ұштап, жеке емес, қазақ өнерін танытсам деген талабына қолдау беретін азаматар болса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Саттар ұстаз.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы