Қарағанды облысында 27 көпбалалы отбасы баспаналы болды

2 Мамыр 2019, 09:45
1905
Бөлісу:
Қарағанды облысында 27 көпбалалы отбасы баспаналы болды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 1-мамыр – Қазақстан xалқы бірлігі мейрамы күні аймақта 27 отбасы өз пәтерлеріне ие болды. Аймақтың түкпір-түкпірінде отызға жуық отбасы қоныс тойын тойлап, мерекені өз үйлерінде атап өтуде. 

Аймақта көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1-мамырда облыстың Теміртау, Балқаш, Саран, Қаражал, Абай, Приозерск, Шаxтинск қалаларында, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарындағы көпбалалы отбасыларға да пәтер кілттері табыс етілді. Мамыр айының соңына дейін 130-дан астам көпбалалы отбасы баспанаға ие болмақ. Ал, жыл соңына дейін облыста 560 көпбалалы отбасы өз үйлерінде қоныс тойын тойламақ. 

Мереке күні Қарағандының Оңтүстік Шығыс шағын ауданындағы «Панел орталықта» жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйдің алғашқы қоныстанушыларына баспана кілттері табысталды. Енді қарағандылық көпбалалы 10 отбасы өз пәтерлерінде тұратын болады. 1-мамыр Қазақстан xалқы бірлігі күніне орай өткізілген мерекелік шарада сөз алған облыс әкімі Ерлан Қошанов  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастамаларын» жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілгендігін, оның ішінде Елбасының «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасы аясында Қарағанды облысында біршама шаралар атқарылып жатқандығын айтты. Жиналғандарды Қазақстан xалқы бірлігі мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы  көпбалалы отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті. 

«Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ең мейірімді және жарқын мерекелердің бірі. Мемлекетіміздің басты байлығы оның бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан халқы екендігі осы күні ерекше  сезіледі. Елбасының арқасында елімізде ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі, сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің өзгеше ахуалы қалыптасты. Бұл біздің күшіміз. Бүгінгі күні біз үшін қуаныш екі еселенді. Себебі, қазір арамызда тұрған бірнеше көпбалалы отбасы Қарағандының жаңа орталығынан салынып жатқан 24 қабатты жайлы тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындары болады», - деді пәтер кілттерін табыстаған облыс әкімі Ерлан Қошанов. 

«Үш жапырақ» аталатын 24 қабатты үйлер қаланың жаңа орталығы саналатын «Оңтүстік Шығыста» салынып жатыр. Жоспар бойынша мұндай бес үй бой көтермек. Қазіргі уақытта үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

«Менің алты балам бар. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрдық, көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Енді міне мереке күні өз баспанамызға ие болдық. Осы күнді 19 жыл күттік десем де болады», - деді көпбалалы ана Айгүл Әбішева.

Айта кетейік, биыл Қарағанды облысында 440 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған. Оның ішінде мыңға тарта пәтер баспана кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы жанұяларға беріледі.  


Өзгелердің жаңалығы