Бас жаңалықтар
Қарағанды облысында 300-ден аса мектеп қашықтан оқытады
03 Тамыз 2020, 21:45 235

Қарағанды облысында 300-ден аса мектеп қашықтан оқытады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облыстық білім беру басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Гүлсім Қожахметова жаңа оқу жылына даярлық барысын талқылаған аппарат жиынында қашықтан оқытуға өту, өңір мектептерін компьютерлермен және оқулықтармен қамтамасыз ету жайынан жан-жақты мағлұмат берді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл 1 қыркүйектен бастап облыстың 312 мектебі қашықтан оқыту режімінде жұмыс істей бастайды. Қалған 193 мектеп, оның ішінде ауылдық және шағын жинақты мектептер бар, олар балаларды дәстүрлі үлгіде оқытуды жалғастыра береді. Ал бастауыш мектептің 3 623 оқушысы кезекші сыныптарға барып, білім нәрімен сусындайды.

Бүгінгі күнде облыс аумағында қашықтан оқытуды жан-жақты меңгеру және жеңілдету бойынша бірқатар іс-шаралардың атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, оқытудың мұндай түрі балаларға, сондай-ақ педагогтар мамандарға барынша қолайлы болуы үшін облыста компьютерлерді жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Биыл бала оқытудың тәртібіне біршама өзгерістер енгізілген. Атап айтар болсақ, бір сыныпта 15 оқушыдан артық болмауы тиіс. Сонымен бірге, кабинеттік жүйе болмайды, сабақтар уақытының ұзақтығы да қысқартылмақшы. Коронавирус инфекциясына байланысты, қазіргі уақытта облыс мектептері үшін зарарсыздандырғыш құралдар мен санитариялық талаптарды сақтауға қажетті жабдықтар сатып алына бастаған.

Жиын барсында Гүлсім Қожахметова өңір мектептеріндегі 35 544 компьютердің барлығы бірдей қашықтан оқытуға жарамды емес екенін мәлім етті. 
Облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен 3 777 компьютер сатып алдық. Оқу жылының басына дейін әлі де 5 034 компьютер алу жоспарда бар. Сондай-ақ, демеушілік қаражаттар есебінен тағы да 977 бірлік компьютерді сатып алмақшымыз. "Қазақмыс" корпорациясы 927 компьютер алып берді, тағы 50 бірлікті шаруа қожалықтары сатып әпереді, – деп есеп берді облыстың бас мұғалімі.

Бұл техникалардың бәрі үйінде компьютері жоқ мұғалімдер мен мектеп оқушыларына уақытша пайдалануға беріледі екен. Жоспар бойынша бұл  шаруа 20 тамызға дейін реттелуі тиіс.

Қашықтан оқыту үлгісіне өтудің ғаламтормен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселемен тікелей байланысты екені белгілі. Бүгінгі күнде облыс мектептері үшін 4 741 модем сату алу жоспарда бар екен. Оның ішінде 198 модем демеушілердің қаражатына алынбақшы. Бұған қоса, өңірдегі 81 елді мекенде мобильді ғаламтор жылдамдығы ұлғайтылады. Байланысты 2G үлгісінен 4G үлгісіне ауыстыру да алда тұрған аса маңызды міндеттердің бірі.

Аппарат жиынында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы оқу жылына даярлықтың өте маңызды шаруа екенін тағы бір мәрте еске салды.
Аудандарда қажетті жабдықтарды сатып алудың қалай өтіп жатқаны туралы есепті апта сайын тыңдайтын боламын. Сонымен бірге, кадрлық қамтамасыз етудің аса маңызды міндеттердің бірі екенін ұмытпаған жөн.  Бағдарламаларды әзірлеу, баспана беру, жас мамандардың коммуналдық  мәселелерін шешу де жіті назарда болу керек, – деп ескертті өңір басшысы.

Қазіргі таңда облыста оқулықтарды сатып алу белсенді түрде қолға алынған. «Информатика» пәні бойынша 5-6-шы және 11-сынып оқушыларына арналған оқу құралдары, сонымен қатар, үш тілді оқуға арналған информатика, химия, физика және биология оқулықтары, түзету мектептерінің 3, 6-шы және 8-сынып оқушыларына арналған құралдар сатып алынды. Бұл оқулықтардың 20%-ы қазірдің өзінде өңірдің білім мекемелеріне таратылып берілген.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл облыстағы 413 мектеп жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта 141 білім мекемесінде күрделі жөндеу және 272 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары екпінді түрде жүргізілуде.





Фото: ашық дереккөз
Загрузка...