ӘМСҚ: 1,3 млн-ға жуық адам алғашқы медициналық көмек ұйымдарына тіркелген

25 Қараша 2021, 09:19
1081
Бөлісу:
ӘМСҚ: 1,3 млн-ға жуық адам алғашқы медициналық көмек ұйымдарына тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тіркелген тұрғындар тізбесі порталының деректері бойынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарына тіркелген тұрғындар саны 1 275 277 адамды құрайды.

Жалпы, Қазақстанда 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емханаларға еркін тіркелудің жыл сайынғы науқаны аяқталды.

Осы аралықта медицина ұйымын еркін таңдау құқығын елімізде 247 мың адам пайдаланды, оның 2 мыңы емханаға алғаш рет тіркелді.

Емханаға тіркелу науқанының қорытындысы бойынша, халықтың бөлінуін ескере отырып, Қор медициналық ұйымдарды келесі жылға қаржыландыру көлемін қалыптастырады. Еркін таңдау науқаны аясында емхана ауыстырған азаматтар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК және МӘМС бойынша көмек ала алады. Оған дейін оларға бұрынғы медициналық ұйымда қызмет көрсетіледі, – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 16 қарашадағы жағдайға сүйенетін болсақ, республика бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 19,4 млн-нан астам адам тіркелген, олардың ішінде шетелдіктер мен қандастар да бар.

Емханаға тіркелу науқанына еліміздің 624 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары қатысты, оларда 13 мыңға жуық учаске жұмыс істейді. Салыстыра қарасақ, 2021 жылы емханаға тіркелу науқаны бойынша 521 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қолжетімді болды. Жыл сайын Қордың амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін қызмет жеткізушілерінің саны өсуде, бұл тұрғындардың жақын маңнан медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, тіркелу науқаны емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Жылына бір рет еркін таңдау құқығымен емхана ауыстыруға болады, сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырса, басқа елді мекенге көшсе немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса немесе жойылса және тағы басқа жағдайларда да ауыстыра алады.

Өзгелердің жаңалығы