Бас жаңалықтар
Алматылықтар бюджет қаржысын өздері бөлетін болады
08 Сәуiр 2019, 14:28 630

Алматылықтар бюджет қаржысын өздері бөлетін болады

Алматы, BAQ.KZ. Қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында әкімі Алматы әкімі Бауыржан Байбек келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын қолға алуды ұсынды. Жобаға сәйкес қаланың әр ауданына нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері ең маңызды бағыттарға бөлетін болады.

Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі кезде Алматы әкімдігі озық тәжірибелер негізінде тиімді әрі үнемді жұмсау қағидасы бойынша бюджет шығындарын оңтайландыруда. Белгілі болғандай, бұрындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша негізсіз шығындар 5,5 млрд. теңгеге қысқарып, «Бақытты отбасы» өңірлік бағдарламаны қаржыландыруға аударылған болатын.

«Нұр Отан» партиясының фракциясымен бірге бюджет шығындарына қосымша сараптама жүргізілді, сондықтан Қоғамдық кеңестің қарауына тағы 7 миллиард теңгеден астам қаржыны қысқарту ұсынылады. Бұрын қолдауға ие болған Меңдіқұлов, Шухов көшелеріндегі және «Буденный», Мемлекеттік музей жанындағы «Журналистер» скверлерін, Жас қанат ықшам ауданындағы Маяк паркін, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақты абаттандыру жөніндегі жобаларды кейінге қалдыру ұсынылады. Бұл жобаларды тұрғындар талқылауы тиіс деп есептеймін. Жалпы, бюджет қала тұрғындарының пікірі негізінде құрылады. Біз шағымдар мен ұсыныстарды үнемі зерттеудеміз», - деді Бауыржан Байбек.

Осылайша, кері байланыс жүйесі ретке келтірілуде. Алматы әкімдігінің барлық әлеуметтік желілерде ресми аккаунттары бар, тек Instagram парақшасына 200 мыңға жуық адам жазылған. Күн сайын 500 өтініш түсуде, олардың әрқайсысы «Open Almaty» бірыңғай жүйесіне енгізіледі, бақылауға алынып,сарапталады.

Тұрғындар өтініштері негізінде бюджеттің басым бөлігі маңызды мәселелерге бағытталған, олар: қалаға қосылған елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық көлікті дамыту, жолдар мен желілер, мектеп пен бала бақшалар, емханалар салу. Нәтижесінде шағымдар саны 3 есе қысқарды.

Азаматтар өтініштеріне жедел жауап қайтару үшін Бірыңғай байланыс орталығы құрылуда, мұнда қаланың барлық басқармалары, аудан әкімдіктері, апатты және коммуналдық қызметтер бір нөмірге біріктірілген. «Open Almaty» мобилді қосымшасы онлайн-қызмет көрсету бойынша қаланың түрлі сервистерінің басын қосып отыр.

«Келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын бастауды ұсынамын, мұнда әр ауданға нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері маңызды бағыттар бойынша бөлетін болады. Қала тұрғындары «Open Almaty» жүйесі арқылы өз ұсыныстарын, жобаларын ұсынады, олар жарияланып, көпшілік дауысқа салынып, үздіктері анықталады. Ұсынылған жобаларға Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, бюджеттік комиссия бағаларын береді. Алматыда әр ауданға орта есеппен жарты миллиард теңге бөлуге болады деп есептеймін. Яғни, сегіз ауданға 4 млрд. теңге немесе қала бюджетінің 1%-ы бөлінеді», - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис әкімі БҰҰ-ның ұсыныстарына сәйкес дамыған елдердің бюджеті осылайша 0,5% дан 1%-ға дейінгі көлемде жасақталатынын айтты. Бұл ашықтықтың бір критерийі және азаматтардың кемелденуі. Мұндай бастама Лондонда, Римде, Берлинде, Парижде, Мәскеуде енгізілген.

«Бізге қоғамдық пікірді есту ғана емес, бюджеттік шешімдердің орындалуына жауапкершілікті күшейту әрі азаматтық бастамаларды қаржыландыру маңызды. Іске бұл тұрғыдан келу өзгенің есебінен күн көру қағидасын жойып, өз қаласына деген оң көзқарасты нығайтады. Бұлардан өзге, қала басқармалары кері байланыс арналары арқылы ірі жобаларды тұрғындармен, бизнеспен, сарапшылармен бірге талқылағандары жөн. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл бастамада барынша белсенділік танытулары тиіс деп есептеймін», - деп қорытындылады сөзін Бауыржан Байбек.

Еске салсақ, отырыс барысында «Көкжайлау» жобасын жүзеге асыруды кейінгі қалдыру және босаған қаржыны қалалық бағдармаларды орындауға жұмсау туралы шешім қабылданды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...