Алматыда биыл 4 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған

28 Қазан 2021, 17:03
84711
Бөлісу:
Алматыда биыл 4 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда баспана кезегінде тұрғандардың саны артып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қалалық Жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев айтты.

2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңдаған қала тұрғыны әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілгендіктен кезекте тұрғандардың тізімі айтарлықтай қысқарған.

Биыл жалпы ауданы 248,5 мың шаршы метр немесе 3 959 пәтерді пайдалануға беру жоспары бекітілді, оның ішінде 1 892 пәтер «сатып алу құқығынсыз жалға беру» желісі бойынша және 2 067 пәтер «банк салымшылары мен ЖАО-да кезекте тұрғандар үшін кредиттік тұрғын үй» желісі бойынша. Біз «Отбасы банкімен» бірлесіп мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз, - деді С. Нұрашев. 

Биыл Наурызбай ауданында «Алма сити-5» ТК-де 37 үй немесе 1 110 пәтер салынған. Осы ауданда инвестор қаржысы есебінен «КазахСтрой» ЖШС 1 200 орынды мектептің құрылысын бастады.

Сонымен қатар Алатау ауданындағы «Мәдениет» ТК-де төрт үй немесе 144 пәтер салынды, мұнда 160 орындық балабақшаның құрылысы жоспарланған.

Бұл үйлердің барлығы пайдалануға берілді, кезекте тұрғандардың бір бөлігі пәтерлерін алды. Мысалы, «Алма Сити-5» тұрғын үй кешеніне 227 аз қамтылған көпбалалы отбасы және 440 кезекте тұрған - «Отбасы банкінің» салымшылары қоныстанды, - деді С. Нұрашев. 

Қазіргі уақытта Түрксіб ауданының «Жас Қанат-2» ТК құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда, мұнда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен тоғыз қабатты 41 үйдің құрылысы қарастырылған, оның ішінде жыл соңына дейін 2 705 пәтерлік 35 үй салынады. Қалған алты көпқабатты үй 2022 жылы салынады.

«Жас Қанат-2» ТК аумағында 260 орындық балабақша, 340 адам қабылдайтын емхана және 1 500 орындық мектеп салынады. Құрылыс 2022-2023 жылдары аяқталады.

Сөзінің соңында С. Нұрашев Алматыда қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жалғасатынын, өйткені бұл қала әкімдігі жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті.
 

Өзгелердің жаңалығы