Алматыда «Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы» кітабының таныстырылымы өтті
03 Қараша 2021, 12:28 138

Алматыда «Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы» кітабының таныстырылымы өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өткен ғылыми конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор В.И. Козодойдың «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») атты кітабының таныстырылымы өтті.

Бұған дейін В.И. Козодойдың «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») атты кітабының тұсаукесерлері қазан айының соңында – қараша айының басында Ә. Бөкейхан атындағы университетте (Семей қ.), С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде (Павлодар қ.), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Нұр-сұлтан қ.), Е. Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетінде (Қарағанды қ.) өткен. Осы жолы Алматыдағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында болды.

Автор бұл туындыны архивтен алған мағлұматтарға сүйене отырып жазып шыққанын айтады.

Кітабымның таныстырылымын Қазақстан тарих институтында өткізу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл еңбекті жазудағы басты мақсатым – ресейлік оқырмандарға қазақтан шыққан біртуар азамат әрі тарихи тұлға Әлихан Бөйкейхановты кеңінен таныстыру болды, - дейді Козодой.

Ғалым бұл тақырыппен 2019 жылдан бері қызу жұмыс істеп келе жатқанын, осы уақыт ішінде Ресей мен Қазақстан архивтерінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, бұрын зерттеушілер қолданбаған бірқатар құжатты ғылыми айналымға енгізгенін түсіндірді. Сонымен қатар Виктор Иванович осы тақырыпты кеңінен насихаттаумен белсенді айналысты, ол бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстанның ақпараттық ресурстарында оннан астам сұхбат пен мақалалар жариялады, Санкт-Петербургтегі «Таврия оқулары» Халықаралық ғылыми конференциясын қоса алғанда, әртүрлі ғылыми конференцияларда осы тақырып бойынша оннан астам баяндама жасады. 2021 жылдың қазан айында «Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы» кітабы Новосибирск қаласында жарық көрді.


Виктор Иванович Козодой Новосибирск облысының вице-губернаторы қызметін атқарып, Ресей Ғылым академиясының Сібір филиалының тарих институтын және Сібір басқару және бұқаралық коммуникациялар академиясын басқарды. Ол ХХ ғ. бас кезіндегі қоғамдық-саяси үрдістер тарихы, оның ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай мәселелерін зерттеуші, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығымен тығыз ғылыми ынтымақтастық ұстанатын ресейлік ғалым. В.И. Козодой 50-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік зерттеулер, 13 жеке және бірлескен авторлықта жарық көрген монографиялардың авторы.

Ғылыми айналымға бұрын енгізілмеген архив материалдарын пайдалана отырып, автор Әлихан Бөкейханның өз отандастары тарапынан да, сол күрделі және қарама-қайшы дәуірдің жоғары Ресей демократиялық саяси элитасының беделіне ие бола алған ұлттық ауқымдағы ғана емес, бүкіл ресейлік деңгейдегі көшбасшы екендігі туралы тұжырым жасады.

Әлихан Бөкейхан – Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, белгілі наразылық Выборг үндеуіне бірінші болып қол қойған саясаткер (1906 ж.). Ресейдің ең ірі оппозициялық партиясы – кадеттер партиясы Орталық Комитетінің жетекшілерінің бірі. Уақытша үкімет кезеңіндегі Заурал Ресей мұсылмандарының арасынан шыққан бірінші губернатор (комиссар) (1917 ж.). Алаш Орда үкіметінің төрағасы.

«Алаш» қозғалысын зерттеуге маманданған отандық жетекші тарихшылар – ҚР ҰҒА академигі, профессор М.Қ. Қойгелдиев, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай, сонымен қатар мәдени жұртшылық өкілдері авторға Әлихан Бөкейханның ХХ ғасырдың басындағы Ресей тарихындағы рөлін зерттеуге, қазақ өлкесінде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасуына қосқан үлесі үшін бірауыздан алғыс сөздерін білдірді.




Фото: автордан
Загрузка...