Алматыда 6 мыңнан аса адам 42 мың теңге көлеміндегі төлемді алды

7 Сәуір 2020, 17:14
2204
Бөлісу:
Алматыда 6 мыңнан аса адам 42 мың теңге көлеміндегі төлемді алды

Алматы, BAQ.KZ  тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева онлайн брифинг барысында айтты.

Алматы бойынша 6 мыңнан аса адам 42500 теңгелік төлемді алды, тағы 22 мыңдай адамның өтініші төлемге жіберіліп жатыр. Жалпы бұл төлемді алуға 67 мыңнан астам мекемеден 78 мың адам өтініш берді. Сондықтан бұл мәселе біздің бақылауымызда және күн сайын қарастырып отырмыз, - деді ол.

Оның айтуынша, елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Алматыда осал топтағыларға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жан-жақты іске асырылып жатыр. Бұл көмектер Республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен, сонымен қатар "Бізбіргеміз", "Жаңа Алатау" қорларының есебінен жасалып жатыр. 

Аудандық әкімдіктерде қала кәсіпкерлері тарапынан да көмектер жасалып жатқан көрінеді. Оның үстіне, Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының 13 нөмірден тұратын сall-орталығы іске қосылған. 

Оған кез келген уақытта хабарласып, сұрақ қоюға болады. Бүгінгі күнге дейін халықтан 11 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Сұрақ қойғандар қатарында көпбалалы аналар, мүгедектер мен қарттар бар. Қойылған сұрақтардың 50-60%-ы азық-түлік себетін алу бойынша болса, қалған 30%-ы 42500 теңге төңірегінде, 10%-ы әртүрлі мәселе бойынша, - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол азық-түлік салынған себеттерді осы уақытқа дейін 5 мыңнан аса адам алғанын айтты, күніне 400-500 осындай себеттер жеткізіледі екен.

Елбасы бастамасымен құрылған "Бізбіргеміз" қоры 1,2 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ол көмекті І топ мүгедектері, мүгедек баласына қарап отырған ата-анаға және жетім қалғандар алады, - деді Рахат Шимашева.
Өзгелердің жаңалығы