Алматыда 40 нысан пайдалануға берілді

5 Шілде 2020, 16:15
1173
Бөлісу:
Алматыда 40 нысан пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғын үйлерді, әлеуметтік және өндірістік нысандарды пайдалануға берудің аралық қорытындылары туралы айтып берді, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында карантиндік шараларға қарамастан, құрылыс саласы жоғары қарқынды сақтап қалғанын жазды.

Іске қосылған нысандар бойынша аралық қорытынды шығарылды. Әлбетте, карантин қалыпты өмірімізге өзгерістер енгізді. Десе де, Астана күніне дайындығымыз жаман емес, - деп атап өтті Сағынтаев.

Қала әкімі Елбасының және Мемлекет басшысының Алматы қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйге ерекше назар аударылғанын тілге тиек етті.

Бұл күндері 4 мектеп, 2 балабақша, 2 музыкалық мектеп, 100 келушіге арналған және 40 төсек-орны бар медициналық орталық пайдалануға беріледі. Құрылысшылар алты тұрғын үй кешенінен 179 мың шаршы метр тұрғын үйді, бұл дегеніміз — 1,5 мың пәтерді өткізуге дайын. Бизнес саласы бірқатар коммерциялық жобаны жүзеге асырмақ. Олар пандемия еңсерілгеннен кейін толық қуатымен жұмыс істейтін жаңа өндірістерді іске қосады. Бұл нысандарда 3200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Белгіленген жоспарларды іске асыру болашаққа жаңа серпінмен оптимистік тұрғыда қарауға мүмкіндік береді. Бүгінде біз осынау қиын кезеңнен бизнесті аман алып қалу үшін барлық қолдау шарасына жүгінудеміз. Қала экономикасының мүддесіне нұқсан келтірмей және қатаң карантиндік шараларды сақтай отырып, өмір сүруді және жұмыс істеуді бірлесе үйренеміз деп сенемін, - деп түйіндеді әкім.

Өзгелердің жаңалығы