Алматы облысында тағы 2 елді мекен карантинге жабылды

21 Сәуір 2020, 14:46
3524
Бөлісу:
Алматы облысында тағы 2 елді мекен карантинге жабылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік пен Шелек қалаларында коронавирус инфекциясымен ауыру деректерінің жиілеуіне байланысты аталған екі қала карантинге жабылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еңбекшіқазақ ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Миржан Әзербаев шаруашылық және өзге де қызметі мен тұрмысының ерекше шарттары бар карантин енгізу туралы тиісті қаулы қабылдады.  

Қаулыда көрсетілгендей, Есік және Шелек қалалары аумағының периметрі бойынша шекаралары белгіленіп, карантин 21 сәуір сағат 00.00-ден басталды. Шектеу шараларының режимі мен мерзімі COVID-19 инфекциясының таралу жағдайының өзгеруіне байланысты өзгеруі мүмкін.

Қаулыда "Еңбекшіқазақ ауданаралық көп салалы ауруханасы" ШЖҚ МКК жұмысының ерекшелігіне ерекше назар аударылған.

Мәселен, стационарларда 3В принципі, яғни бейнебақылау, желдету, визуалдау жүзеге асырылады. Әр ауысым басқа ауысымнан оқшауландырылған болуы керек. Қажет жағдайда белгілі бір салаға маманданған дәрігер мамандардан кеңес алу интернет арқылы барынша қашықтықтан ұйымдастырылады.

Пациенттер палатасында медперсоналдарды шақыратын батырма болуы тиіс. Аурухана эпидемиологы немесе бөлімнің аға мейірбикесі ауысымға дейін және ауысымнан кейін барлық қызметкерлерге күнделікті сұрау жүргізу және дене температурасын өлшеп, журналға тіркеу арқылы медициналық бақылау жүргізеді. Бұл ретте қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен, жеке қорғаныс заттарымен, антисептиктермен, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету үздіксіз болуы тиіс.

Коронавирустық жұқпаның клиникалық көрінісі бар адамдарды ертерек анықтау және оқшаулау мақсатында, "Д" есепте тұрған адамдарға, жүкті және қарт адамдарға күнделікті қоңырау шалу, пневмония белгілері, жедел респираторлы вирустық инфекция, катаральды құбылыстар мен қызба белгілері бар науқастарды стационардың қабылдау бөлмесі мен емхананың негізгі кіру есігінен айналып өту арқылы, көшеге жеке кіру/шығу есігімен сүзгі бөлмесі арқылы өтуін сұрыптау, ауруханалар мен емханаларға жоспарлы қабылдауды шектеу; қажетті контингентке жедел-тестілеу жүргізу жұмысын ұйымдастыру, КВИ ауруы белгілері бар  науқастарды (жөтел, мұрыннан су ағу, дәмнің жоғалуы, ентігу, дене қызуы, іш өту) тез арада жақын орналасқан провизорлық стационарға жеткізу, сол сияқты аурухана эпидемиологы инфекциялық аурулар ауруханасында эпидемияға қарсы режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді және аурухана қызметкерлеріне жұқпадан қауіпсіздік техникасы, практикалық сабақтар  эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып жүргізеді, - делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, медициналық қызметкерлерді күнделікті дезинфекциялаумен арнайы көліктермен тасымалдау, инфекциялық, провизорлық және карантиндік ауруханалардың медициналық қызметкерлерінің тұруы үшін жағдай жасау қарастырылады.  

 

Өзгелердің жаңалығы