Бас жаңалықтар
Алакөлге қатынайтын пойыздар түнгі уақытта жүре бастауы мүмкін
14 Мамыр 2019, 09:29 426

Алакөлге қатынайтын пойыздар түнгі уақытта жүре бастауы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Өскемен-Жалаңашкөл» және «Семей-Жалаңашкөл» бағытындағы теміржол қатынасы демалушыларға жайлы болу үшін түнгі мезетте қатынауы мүмкін. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысы барысында өңір басшысы Даниал Ахметов тапсырма берді.

Бұған дейін 1 маусымнан бастап «Өскемен-Жалаңашкөл» және «Семей-Жалаңашкөл» бағытында пойыздар қайтадан қатынай бастайтыны жөнінде хабарланған болатын.

«Біз көл жағасына демалуға келгендер үшін барлық жайлы жағдайларды істеуіміз қажет. Жыл сайын демалушылар қатары 150 мың адамға артып келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биыл көл жағасындағы абаттандыру жұмыстары жалғасып, мұражай ашылады. Бар-жоғы үш мың теңге төлеп Алакөлге жетуге болады. Дегенмен, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына әлі де шешетін мәселелер жоқ емес. Көлге дейінгі он сегіз сағаттық жол өте ұзақ. Сондықтан жолаушы пойызға кешкілік уақытта мініп, жолға кететін уақытының көбі түнгі мезетке дөп келуі керек», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта жол бағасының тиімділігін жолға кететін уақыт тиімсіз етіп тастайтын көрінеді. Сол себепті Алакөлді бетке алған жолаушы кешкілік пойызға мініп, ұзақ жолды ұйқыда өткізген соң таңертеңгі уақытта Жалаңашкөл станциясында түсіп, демалыс базасына бағыт алуы тиіс көрінеді.

«Міне осыған баса назар аударған жөн. Сонымен қатар Үржар ауылындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді аяқтау қажет», - деп қосты облыс әкімі.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық