Ақын Есенғали Раушанов өмірден озды

16 Сәуір 2021, 10:17
2701
Бөлісу:
Ақын Есенғали Раушанов өмірден озды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақ ақыны, жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов өмірден өтті.

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек facebook-тегі парақшасына жазды.

Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі, - деп жазды ол.

Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылы 5 қазанда дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006). Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері атанған.

Ақынның алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, Халықаралық «Aлаш» сыйлығы.), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген.

Раушанов лирикасында ұлттық болмыс суреткерлік шеберлікпен дараланған, ұлттық психология, этнография ақын өлеңінің ішкі өріміне образдық бояу болып сіңген («Қозының бүйіріндей тойып емген төбелер», «Қатарланған қара нардай азайған қариялар», «Тұлыпқа кеп иіген аруанадай сенің суық ерніңнен іздедім от», т.б.), қара өлең үлгісі Раушанов поэзиясының түрлік желісіне айналған.

Ақын шығармашылығында жаңа формалық ізденістер жетерлік, бірақ қаламгердің ерекшелігі дәстүрлі үлгіні қайта жаңғыртуында. Шығыстық сарында жазылған өлеңдері («Сағдише сүю», «Өзбек қызына») мен жыраулық поэзия дәстүріндегі дүниелері («Қарға бойлы Қазтуған», «Азау, саған не дейін», «Абылайдың асында айтылмаған сөз») замана ақиқатын көркемдік тұрғыда ашып көрсетуде азаматтық үнімен ерекшеленеді. Раушановтың халықтық аңыз, мифологиялық желіде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ пайғамбардың кемесі», т.б. туындылары бар.

Өзгелердің жаңалығы