Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі театр актері, әнші Нұркен Өтеуіл Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Нұркен Өтеуіл Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды, - делінген хабарламада.
1976 жылы 14 маусымда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шошанай ауылында туған.
1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты «Драма және кино актеры» бөлімінің ҚР халық артисі Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың шеберханасынан білім алды.
1998 жылы Қазақстанның өнер қайраткері, профессор Қ. Жетпісбаевтың шақыруымен Ақмола қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына жолдамамен қызметке шақырылды.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында актердің қызмет істеп келе жатқанына биыл 23 жыл толды. Осы жылдары өнер иесі қазақ театрының дамуына өзіндік үлкен үлесін тигізіп келе жатыр. Ол кейіптеген бейнені жаңаша жеткізу формасымен, терең ізденісімен ерекшеленеді.
Қазақ өнері мен мәдениетіндегі еңбегі еленіп, 2000 жылы ҚР Жастар одағы сыйлығының, 2006 жылы Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, 2012 жылы Астана қаласы әкімінің Гран-При арнайы сыйлығының иегері атанды.
2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді.
«Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының «Үздік актер» номинациясының иегері.
Қазақ ұлттық Өнер университеті «Актер өнері және режиссура» кафедрасының доценті.