Бас жаңалықтар
Сайлауға келген халықаралық байқаушылардың біреуі аккредитациясынан айырылды
31 Мамыр 2019, 18:06 791

Сайлауға келген халықаралық байқаушылардың біреуі аккредитациясынан айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің байқаушысы алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына бақылау жасау құқығынан айырылды. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы нақты себебін айтпады.

«ҚР Сыртқы істер министрлігінің 2019 жылғы 23 мамырдағы № 14-3/1918 ұсынымының негізінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің байқаушысы Джейхун Шахвердиевті аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы мәселе көтерілді. Осыған орай «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 21 мамырдағы № 35/270 қаулысына тиісті өзгеріс енгізілді. Аталған қаулымен бекітілген, 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдар байқаушыларының тізімінде: «3. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» бөлімінде реттік нөмірі 41 «5. Jeyhun Shahverdiyev» деген жол алынып тасталған», – деді ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина.

Сондай-ақ ол 23 және 30 мамырда Сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссияның байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскенін айтты.

- 323 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясының құрамында;

- 15 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан;

- 263 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы Миссиясының құрамында;

- 18 байқаушы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясынан;

- 9 байқаушы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен;

- 1 байқаушы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар Миссиясының құрамында.

Сонымен қатар, 31 шет мемлекеттен 91 байқаушы ұсынылып отыр. Олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Қырғызстан, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының өкілдері. Бүгінгі күні аккредиттеуге барлығы 720 байқаушыны шығарды.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді ОСК 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.

Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден байқаушылар саны 31 мамырдағы дерек бойынша 967 адамды құрады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...