Бас жаңалықтар
Әділбек Қаба: Тілге жанашыр болып жүру аз, тіл қорғаны болуымыз керек
27 Қыркүйек 2020, 16:53 183

Әділбек Қаба: Тілге жанашыр болып жүру аз, тіл қорғаны болуымыз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба Facebook-тегі парақшасында комитет жанынан «ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ» онлайн тобы құрылғанын мәлімдеді.

Құрметті тіл жанашырлары! Күні кеше тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақырыбында онлайн конференциясын өткіздік.⠀
Ендігі жерде тілге жанашыр болып жүру аз, тіл қорғаны болуымыз керек. Сондықтан да комитет жанынан «ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ» онлайн тобын құрып отырмыз. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын қолдайтын еліміздің әрбір азаматы мүше бола алады.
«ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ» онлайн тобы тіл мерейін көтеру, заңсыздықтармен бірлесе күресу алаңқайына айналады, - деп жазды ол.

Оның айтуынша, «ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ» онлайн тобы Тіл комитетінің парақшасында және оның Facebook, Instagram парақшасында, WhatsApp-та «ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ» чатында да тіркеледі. 

Тілге қатысты, жарнама мен көрнекі ақпараттарда қате жазылса, басқа да заң бұзушылықтар болса, суретке, видеоға түсіріп жіберіп отырыңыздар. Біз, құзыретті комитет ретінде қандай да заң бұзушылықтардың түзетілуін заң аясында талап етеміз. Одан бөлек азаматтардың тіл үшін күрестегі белсенділігін арттыруға өздеріңізбен бірлесе белсенді жұмыс істейтін боламыз, - деді төраға.

Тіл комитетінің төрағасы заң шеңберінен шықпау маңызды екенін айтты.

Айта кететін мәселе, заң шеңберінен шықпауымыз, ешкімнің құқын бұзбауымыз, ешкімнің ар-намысына тимеуіміз қажет. Текті жұрттың баласына тән әдебімізді, мәдениеттілігімізді, заңды құрметтеушілігімізді өзіміз үлгі ете отырып, жоғарыда айтқанымдай, тілге қатысты жарнамадағы, жапсырмадағы басқа да қателер мен қызмет көрсетуде, қызмет алуда болған заң бұзушылықтарды суретке, фотоға, видеоға түсіріп жіберіп отырсаңыздар болғаны. Орын алған тілге қатысты заң бұзушылықтардан бізді осы онлайн топ желілері арқылы құлағдар етіп отырыңыздар. Біз өз тарапымыздан құзыретті органдарға талап қоямыз, түзететін боламыз. Одан бөлек тіл жанашырлары арасынан елге, тілге қызмет етуге шын пейілімен берілген заңгерлеріміздің де заң кеңесіне құлақ түре отырып, әр жағдайдың ақ-қарасын анықтайтын боламыз. Өздеріңізбен бірлесе отырып бәріміз тілге қатысты заңсыздықты заң аясында шешуді ұйымдастырамыз, - деді Қаба.

Комитет басшысы тіл жанашырларының қатары күн емес, сағат санап өсуі тіл беделін көтеруде аса маңызды екенін айтты.

Сондықтан да, құрметті тіл қорғандары, осы онлайн топқа өздеріңіз білетін, ниет білдірген, өздеріңіз жұмыс істеп жүрген тіл жанашырларын қосыңыздар. Қатарымыздың күн емес, сағат санап өсуі тіл беделін көтеруде аса маңызды. Іске сәт, тіл қорғандары! Тіл тағдыры Сіздердің қолдарыңызда! - деді Әділбек Қаба.



Фото: дереккөз
Загрузка...