Хуситтер Сауд Арабиясының төрт қаласына шабуыл жасады: 73 адам зардап шекті

Оқиға мұнай нарығына да әсер етті.

 Скриншот 9 Қыркүйек 2026, 00:31
9 Қыркүйек 2026, 00:31
143
Фото: Скриншот

Иран қолдайтын йемендік хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі төрт қалаға зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады.

Reuters мәліметінше, салдарынан 73 адам зардап шекті, олардың арасында әйелдер мен балалар бар.

Хуситтер Хамис-Мушайт қаласындағы Сауд Арабиясының әскери әуе базасына, сондай-ақ Абха, Наджран және Джазандағы Saudi Aramco нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді.

NASA спутниктік суреттерінде Джазандағы мұнай өңдеу зауытының үстінен қара түтін, ал Абхадағы мұнай тарату орталығы маңынан ақ түтін көтерілгені байқалған. Сауд Арабиясы билігі аталған нысандарда өрт шыққанын хабарлады.

Шабуыл Таяу Шығыстағы қақтығыстың ауқымы кеңейіп жатқан тұста жасалды. Оқиға мұнай нарығына да әсер етті. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 99,46 долларға дейін көтеріліп, 24 шілдеден бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Сауд Арабиясы бастаған коалиция өкілі Турки әл-Малки хуситтердің әрекеттеріне жауап ретінде «барлық қажетті шаралар» қабылданатынын мәлімдеді. Ал хуситтердің өкілі Яхья Сари Эр-Риядты қақтығысты ушықтырды деп айыптап, шабуылдардың жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Соңғы оқиғалар Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіспен қатар өрбіп отыр. Бұл жағдай Таяу Шығыстан мұнай тасымалына қатысты тәуекелдерді күшейтіп, әлемдік энергия нарығына қысымды арттыруы мүмкін.

Наверх