Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Әулие ата жерінде байрағын көтерген Ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан чемпионатында көкпар бәсекесі бойынша А тобынан Түркістан облысының «Құлагер» командасы үздік шықты.
А тобында – Ақтөбе облысының «Әлім ата» командасы, Түркістан облысының «Құлагер» командасы, Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасы және ШҚО құрамасы бар.
«Құлагер» командасы «Әлім атаны» 16:2 есебімен, ШҚО құрамасын 15:2 есебімен ұтқан болатын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасымен ойын өткізді.
Ойынның алғашқы айналымында-ақ түркістандық балуандардың мықтылығы байқалды. Бірінші бөлімде есеп 7:0 болып аяқталды.
Екінші айналымда да екпінін бәсеңдетпеген «Құлагер» командасының жігіттері есіпті 13:2-ге жеткізді.
Түркістан облысынан келген «Құлагер» командасының капитаны – Бақтыбай Шырынқұлов, жетекшісі – Ғани Ахметбаев.
Нұр-Сұлтан қаласынан «Астана» командасының каптитаны – Қазыбек Амангелдинов, жаттықтырушысы – Арслан Қабжанов.
Салым салғандар:
«Астана»: Арслан Қабжанов – 2 салым;
«Құлагер»: Нүркен Омаров – 2 салым, Абылайхан Нышанбеков – 3 салым, Асланбек Сайдулла – 2 салым, Темірхан Айтбаев – 1 салым, Әбуғали Әбдіжаппаров – 1 салым, Мейірбек Болысбек – 1 салым, Жорабек Ақбаев – 1 салым, Бәйдібек Сабыров – 2 салым.
Естеріңізге сала кетейік, 19 мамыр күні Жамбыл облысы, Тараз қаласының жанындағы Бектөбе атшабарында басталған Қазақстан Республикасының ересектер арасында көкпардан – ХІХ, аударыспақтан – ХІХ, теңге ілуден – ХІІІ, жамбы атудан – V чемпионаты 26 мамыр күні аяқталады.